Бүгін - Қазақстан халқы тілдері күні. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Осы ретте атаулы күнге орай «Ахмет Байтұрсынұлының тіл реформалары мен әдебиетке қосқан үлесі» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Танымдық кешті Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Абай облысының лингвистикалық орталығы ұйымдастырды. Мақсаты - қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл реформаларының мәні мен маңызын насихаттау арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру.

ЖАНЖІГІТ ОМАРХАН, АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ахмет Байтұрсынұлы атамыз туралы айта берсек, ақпарат та көп, сөз де көп. Бірақ, бір таң қалатыным, бір өзі бір институттың жүгін арқалаған тұлға. Мынау қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің рухани ұстазы және ұлы атасы деп айтуымыз керек бұл кісіні. Қазақ тілін де, қазақ әдебиетін де ғылымиландырған, жаңағы тіл құралы еңбекпен біздің грамматикамыздың негізін салған.

Айта кетейік, 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бастап тойланады. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Алайда 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Өйткені, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сол себептен 2018 жылдан бастап атаулы датаның күні өзгеріп, 5 қыркүйекте мерекелене бастады.

ОРАЛ ШӘРІПБАЕВ, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚОҒАМЫ» ҚБ АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Енді ұлттың сақталуына да, жоғалуына да басты құрал – ол тіл, деп Ахмет Байтұрсынов тарихта айтып кеткені өздеріңізге белгілі. Біздің мына Ахмет Байтұрсынов нағыз лингвисттің өзі болған. Әдебиеттанушы болған, сонымен бірге ғылым мен білімнің негізін қалаған азаматтардың бірі.

Әдеби танымдық кеште «А.Байтұрсынұлының тілтанулық мұрасының қазіргі тіл ғылымындағы жаңа бағыттармен сабақтастығы», «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттануының іргесін қалаушы ғалым» тақырыптарында баяндама жасалды. Сондай-ақ кешке облыстағы мәдениет мекемелері, аудандағы тілдерді оқыту орталықтарының мамандары қатысты.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК