Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын Семейдегі Шәкәрім университетінің профессор-оқытушылар құрамы тікелей тыңдады. Өңіріміздегі айтулы оқу орынында ұйымдастырылған тыңдаудан алған әсерімен тілішіміз тақырыпты жалғастырады

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық даму мен жасанды интеллектті экономиканы жаңғыртудың басты тетігі деп атады. Бұл бастамалар Шәкәрім университетінде қазірдің өзінде нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Оқу орнында бес жасанды интеллект агенті дайындалып жатыр.Бұл бастамалар университеттің профессорлық- оқытушы құрамының жұмысын әлде қайда жеңілдеткен.

БЕЙІМБЕТ ДӘРІБАЕВ- ШӘКІРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОР
Қазір бізде жасанды интеллект негізінде дайындалған бес агенттің екеуі іске қосылып тұр. Біріншісі – AI Check. Оның басты мақсаты – оқытушыларға көмекші құрал болу. Студенттердің тапсырмаларын тексеріп, ұсыныстар береді. Нәтижесінде оқытушылардың уақытын шамамен 70 пайызға үнемдеуге мүмкіндік бар. Екіншісі – AI Admission Bot. Бұл жүйе қабылдау комиссиясының жұмысын жеңілдетіп, абитуриенттердің кез келген сұрағына нақты жауап берді. Соның арқасында комиссия мүшелерінің уақыты 75 пайызға дейін жұмысын жеңілдетті.

Президент Жолдауда инвестициялық ахуалды жақсартудың және әрбір өңірдің әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Біздің аймақтағы білім беру ошақтары ғылымға инвестиция тарту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Мәселен, Шәкәрім университеті қытайлық университетпен бірлесіп 5,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартқан, оның нәтижесінде қазір заманауи зертханалар ашылуда. Сонымен бірге, университет мамандары аймақтардың ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша ғылыми негіздемелер жасап, цифрлық картасын әзірлеуді қолға алған. Бұл жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа мамандар даярлауға да серпін береді.

ЕРАСЫЛ ДУЛАТБАЙ- ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ - ИНТЕРНАЦИОНАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОР
Бүгінгі Президентіміздің Жолдауында инвестициялық ахуалды жақсарту және цифрлық әлеуетті арттыру ерекше аталып өтті. Осы бағытта біздің университетте де жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында Қытайдың Xi'an Jiaotong университетімен бірлесіп 5,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл қаржыға заманауи жабдықтар алынып, электрлендіру мен автоматизация бойынша зертхана құрылуда. Бұл зертхана өңірдегі Шүлбі ГЭС-і мен «КЕГОК» сияқты ірі кәсіпорындармен бірлесіп, энергетикалық жағдайды жақсартуға үлкен үлес қоспақ.

Осылайша, Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында айтылған цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу және инвестиция тарту мәселелері біздің өңірде жолға қойыла бастады. Бұл бағыттарды республика көлемінде жүзеге асыру мақсатында Президент өз сөзінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санайтынын айтқан болатын.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА