Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше мән беріледі. Бұл ретте Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген нәтижелерін нығайта түсуі тиіс. Сала қызметін реттеу үшін Цифрлық кодекс қабылданбақ.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан заманауи технологиялар кеңінен қолданылатын елге айналуы тиіс. Электронды үкіметтен бастап, білім мен бизнеске дейін. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы заңнамалық реттеуді талап етеді. Біртұтас Цифрлық кодекс жасанды интеллектіні экономиканың және әлеуметтік саланың әртүрлі бағыттарына енгізудің негізіне айналады.
АРДАҚ ҚАРИБЖАНОВА, ABU ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ
Біртұтас цифрлық кодексті қабылдау – уақыт талабы. Бұл талап қазірдің өзінде пісіп-жетілді. Өйткені, ЖИ тек біздің елде ғана емес, халықаралық қауымдастықта да кеңінен қолданылып жатыр. Сондықтан, цифрлық кодекс – ЖИ үшін ортақ ереже, big data үшін ереже, жалпы экономика үшін ортақ қағида.
Abai IT-Valley өңірлік технокластері цифрлық технологиялар саласындағы стартаптармен жұмыс істеп жатыр. Инновациялық кластердің директоры Бауыржан Наурызбаев Жолдауда айтылған бастамалар қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді дейді.
БАУЫРЖАН НАУРЫЗБАЕВ, ABAI IT-VALLEY ӨҢІРЛІК ТЕХНОКЛАСТЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бізге ұнаған нәрсе, көңілімізді көтерген ол - Жасанды интеллект министрлігінің құрылуы. Өйткені, қазір ол әлемдік тренд. Біз ол трендтен қалмауымыз керекпіз. Өйткені, бүкіл әлем, бүкіл компаниялар, бүкіл мемлекеттер осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бұл қазіргі уақытта үлкен әлемдік дода. Біз сол додадан қалмауымыз керекпіз.
Семейде жасанды интеллект элементтері мектеп бағдарламаларына енгізілуде. Бұл тек бағдарламалау курстары ғана емес, оқушылардың күнделікті өмірде қолдана алатын практикалық жобалары да бар. «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болады. Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық елге айналуы тиіс», – деді Президент. Жасанды интеллект жүйелерін енгізу үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
МҰСТАФА МҰРАТ, ABAI IT МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз Астана хабпен жұмыс істейміз. Бұрында министерство цифровизациимен жұмыс істесек, енді жасанды интеллект министерствосы ашылса, солармен тікелей жұмыс істейміз деген сөз. Ол дегеніміз біз ай-ти мектеп болғандықтан, сол жасанды интеллект министерствомен жұмыс істеп, өз үлесімізді қосамыз деген ниеттеміз.
Осылайша, жасанды интеллектіні дамыту – басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Қазақстанның цифрлық технологиялар орталығына айналуы үшін мемлекет, бизнес және білім беру саласы күш біріктіруі қажет.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ