Мұғалімдер де алаяқтар құрығына түседі. Облыстағы 39 мектеп пен балабақша қызметкерлері қаржы пирамидаларына алданған. Семейде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде азаматтарды қаржы пирамидаларына тартудың алдын алу бойынша жиын өтті. Оған 250-ден астам ұстаз қатысты. Мұнда тек қаржылық қауіпсіздік қана емес, интернеттегі алаяқтықпен күресудің жай-жапсары айтылды.
Абай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, өңірдегі 39 мектеп пен балабақша қызметкерлері қаржы пирамидаларының құрбаны болған. 11 факт Семей қаласында тіркелген. Алаңдайтындай жағдай. Өйткені, алдау мен арбаудың мұндай түрі мемлекеттік мекемелерді, білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласын да қамтиды.
Ернұр Төкенов - Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі
«Біз қаржы пирамидалары тақырыбында дәріс өткізу үшін мектептердің басшылық құрамын жинадық. Яғни қаржы пирамидаларының қауіпті екенін, оған қатысушыларды не күтетінін айттық. Мәселе мынада болып тұр. Азаматтардың қаржылық сауаты аз. Екіншіден, олар өздерінің таныстарына, әріптестеріне сенеді. Бұл іс-шаралар біріншіден, халық арасында қаржылық сауаттылықты арттырады. Сонымен қатар біз цифрлық гигиена ережелері туралы айтып жатырмыз.
Қаржылық қауіпсіздік жайы білім беру жүйесінде де белсенді түрде айтылып келеді. Мектепке дейінгі және орта білім беру секторының меңгерушісі Гүлнұр Қатаеваның айтуынша, Семейдегі 133 білім беру мекемесінің әрқайсында ата-аналармен кездесулер өтіп, пирамидаларға қатысу тәуекелдері талқыланған.
Гүлнұр Қатаева - Мектепке дейінгі және орта білім беру секторының меңгерушісі
«Білім бөлімі тарапынан осы сұрақ біздің қатаң бақылауымызда. Мемлекет бұл сұрақты қатаң басшылыққа алып жатыр ғой. Себебі, біз педагогтарға түсіндіреміз, тек қана қаржылық құрған адам ғана емес, жарнамалаған адамдар да заңмен қудаланады деп».
Келесі оқу жылынан бастап қаржылық сауаттылық мектеп бағдарламасына енгізілетін болады. 8-11-сынып оқушыларына әлем экономикасын білуге, цифрлық құралдарды қауіпсіз пайдалануды үйренуге және алаяқтардың құрбаны болмауға көмектесетін арнайы курс әзірленді.
Айгүл Төкенова –№27 мектеп директоры
«Қаржылық сауаттылық, қаржылық этика мәселесі қазіргі уақытта педагогтер арасында өзекті мәселелердің бірі. Педагогикалық этикаға сонымен қатар, қоғамда мұғалімдер мен балалардың әртүрлі қаржылық алаяқтарға тап болмауын қамтамасыз ету үшін оқу және дайындық кіреді. Менің ойымша, қаржылық сауаттылық пен қаржылық этика әр адамға керек. Ал мектепте біз болашақ ұрпақты дайындаймыз».
Ұйымдастырушылар қаржылық қылмыстармен күресу әрбір азаматтың парызы дейді. Өйткені, өркениетті қоғам құру үшін мұндай қылмыстармен тек қоғам болып күресіп, алдын алуға болады