Семей қаласының Орталық саябағында "Саябақтар шеруі-2024" халықаралық акциясысы аясында " Экосаяхат " Қызыл кітап беттерін парақтаймыз" экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды. Ол халықтың назарын экологиялық тәрбиеге аудару, жануарлар мен өсімдіктердің бірегей түрлерін зерделеу арқылы халықты қоршаған ортаны сақтауға тарту мақсатында өткізілді.

Саябақтар шеруінің ресми атауы – Қорықтар мен ұлттық саябақтар күні. Жыл сайын өткізілетін халықаралық табиғатты қорғау акциясы. Қоғамдық сипатқа ие. Ол қорғалатын табиғи аумақтарды қолдау идеясы төңірегіндегі барлық адамдарды біріктіреді. Оларға қорықтар, ұлттық саябақтар мен табиғи ескерткіштер кіреді. Семейдегі іс-шараны "Семей орманы" резерваты және Семей қаласының ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды.

ҒАНИ АЛПЫСШАЛОВ - «СЕМЕЙ ОРМАНЫ» РММ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз табиғатты қорғау мекемесі болғандықтан ол акцияны жылда өткіземіз. Енді бүгінгі күні таңдап алған тақырыбымыз ол «Қызыл кітап». «Қызыл кітап» деп оны бекер таңдағанымыз жоқ. Біз көрген өсімдіктер мен жануарларды бізден кейін қалған балалар да көрсін деген үміттеміз. Енді, біз міне бір өсімдіктің жалғыз жерде өсетін түрі бар болса, ол өсімдікті қатаң бақылауға алып, қарап жүреміз.

Акцияға "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының "жер амбассадорлары" өлкетану жасағы, Шәкәрім атындағы университетінің, Радиотехника және байланыс колледжі, М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж бен бизнес және сервис, Семей қаласының Электротехникалық колледжінің студенттері қатысты.

ТОҒЖАН ҚАБИМОЛЛАЕВА – СТУДЕНТ
Осындай шаралардың маңыздылығы адамдардың Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларды қорғауға шақыру және де біздің өзімздің Қазақстан жеріндегі жануарлар мен өсімдіктер таныстыра білу.
АМИР МАРАТОВ – СТУДЕНТ
Осы акцияда Қызыл кітаптың парақшаларына енген жануарлар мен өсімдіктер туралы түрлі ақпарат берілді. Осы Қызыл кітаптың құрамын айта кететін болсақ, Қызыл кітап ақ парақшалардан, қызыл парақшалардан, сары және қара парақшалардан тұрады. Біз өкінішке орай Қазақстан аумағынан мүлдем жоғалып кеткен, мүлдем жойылып кеткен жануарлар жайлы айтатын боламыз.
АҢСАР БАЙРМАНОВ – СТУДЕНТ
Бүгін тобымызбен бірге адамзат алдында тұрған проблеманы көрсету үшін жиналдық. Бұл жануарлардың кейбір түрлерінің жойылуы. Біздің көрініс арқылы аталған мәселенің маңыздылығын қоғамға жеткізгіміз келеді. Сахналанған қойылымызда Тянь Шань аюларын құтқару жолдарын ұсынамыз. Олар жойылып бара жатқан аю түрлері болған, бірақ күш-жігердің арқасында сақталып қалды.

Жыл сайын" Саябақтар шеруі " екі жүзден астам елде, оның ішінде Қазақстанда да өтеді. Акцияға жүздеген мың адам қатысады.


ЖҰЛДЫЗАЙ МАРАТҚЫЗЫ