Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылының құрылғанына - 60 жыл. Ауыл халқы бірігіп, мерейлі жасқа сәйкес, ұлан-асыр той жасады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Толығырақ әріптесім Аслан Ертісбаевтың сюжетінде.

Сарыарқа ауылы аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан. 1964 жылы Мыңбұлақтың №5 фермасынан бөлініп, өз алдына Ақши кеңшары болып, 1967 жылы осы жерге ауылдың алғашқы қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Қазына құтты мың қатпар осы баталы өңірде алты атаға созылған ақындар, жеті атаға созылған билер мектептерінің өкілдері өмір сүрген. Сарыарқа ашық аспан астындағы тарихи мұражай іспетті. Бұл күні арнайы қиіз үй қалашығы құрылып, күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күресі сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Әкімшілік тарапынан ауданның дамуына үлес қосқан еңбеккерлерге алғыс хаттар табысталды.

Қанат Әділбай – Аягөз ауданының әкімі

Біз берекесі мен бірлігі жарасқан Сарыарқа ауылының 60 жылдық мерекесі құрметіне бәріміз жиналып отырмыз. Кезінде алтын дәнді астығымен миллионер өңір атанған, осынау тал бесік көптеген тұғырлы тұлғалар мен танымал азаматтардың кіндігін кесіліп, өскен өлкесі.

Ауылдың мәдениет үйінде Сарыарқаның 60 жылдық тарихын түгендеген ғылыми тəжірибелік конференция өтті. Онда тарихшы ғалым мен зерделі шежіреші деректерді ортаға салды. Тұрғындар мен қонақтар мерейлі мерекеге үлкен дайындықпен, толайым табыспен келген. Ауылдың 60 жылдығы береке-бірліктің мерекесіне айналды.

Аймангүл Уәлиева – ауыл тұрғыны

Той өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Осы ақ шағаладай болып тігілген киіз үйлер, қазақша киінген асыл аналарымыз бен әжелеріміздің бейнесінің өзі бүгінгі мерейтойдың ажарын ашқандай болып тұр ғой.

Бекболат Ақмешов – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Бүгінгі тойдың өтуі көңілден шығады. Тойдың негізгі мақсаты келешек ұрпақ өзінің ауылының тарихын білсін, елінің тарихын білсін, осы жерге деген сүйіспеншілік артса, қысқаша айтқанда жастарға тағылым жасап отырмыз.

Мұрат Акимов – ауыл тұрғыны

Ауылымызда ұйымдастырылып жатқан кеш өте үлкен дәрежеде өтіп жатыр. Абай облысы, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылдық округінің 60 жылдық мерейтойы құтты, берекелі болсын. Ырысты мол болсын.

Бұл күні күрестен аудан бойынша аудан әкімінің жүлдесі үшін «Сарыарқа барысы» өтті. Оған 18 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды Шыңқожа батыр ауылынан келген Жанат Уатаев жеңіп алса, 2-ші орынды Аягөз қаласының палуаны Сұңқар Ибраев қанжығасына байлады, ал жүлделі 3-ші орынды сарыарқалық Аманбол Қабдоллаев иеленді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жанат Уатаев – жеңімпаз

Жарыс өте үлкен, жақсы дәрежеде өтіп жатыр. Белдесулер, қарсыластарым өте тиянақты дайындалған. Осы жарысқа біздер тиянақты дайындалып, жеңіске жеттік. Қазақ күресі әрқашан да осылай жоғары дәрежеде өтіп, дами берсін.

«Өткен тарихын білмеген ел, бүгінгінің бағасын білмейді». Өткенін сараптап, ата баба еңбегін салмақтау бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет. Сарыарқа аулының 60 жылдық мерейтойы тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Шара жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Аслан Ертісбаев