Толағайдың бауырындағы Көкпекті ауданында «Көркейген өлке - Көкпекті» атты спорт және мәдениет фестивалі өтті. Онда елдікті танытатын ұлттық өнер ұлықталды. Тұлпар тұяғы дүбірлеген ұлы дүрмек Хакім Абайдың 180 жылдығына арналды. Сосын, елдің бірлігін нығайтып, рухын көтеруге бағытталды. Қазақтың қазанаттарын сынға салған фестивальге әріптесім Ерзат Жанатұлы да барып қайтқан еді. Тізгін тістескен қылқұйрықтардың қызығын баяндасын, көркейген өлкенің дамуын айтсын.
Жұмыр тұяғы топырақты турап, аспан мен жерді шаңға көметін жүйріктердің жарысы кім-кімнің де делебесін қоздыратыны рас. «Толағай тұлпары» атты 80 шақырымдық ұлы аламанға қосылған 64 жылқы жануары анау Ақсуат ауданынан таңмен таласа шыққан. Қолтығы сөгіле көсіле шапқан тұлпарлардың қарасы сағат тоғыздың кезінде көрінді. Қиқу салған көрерменнің алдынан Көкпектінің «Көксаласы» жүйткіп өтті.
РУСЛАН ШАЙЫРҒАЗИН, АТБЕГІ
Үш аламан жүгірді биыл. 2 рет ұтты, 1 рет екі болды. Енді міне, биыл 80-ге бағын сынап, 80 шақырымнан жүлделі болдық.
ӘЛИ ҚАЙДАРОВ, ШАБАНДОЗ
Ертоқым шешіліп кетті. Сосын ертоқымды шештім де жайдақ отырдым. Содан кейін Маңғыстаудың аты ұзап алды да, Маңғыстаудың атын қуалап бара жаттым. Өз атыма, дайындаған атыма сеніп жүрдім.
Тұлпардың шабысы, шабандоздың намысы сыналатын шақ ұлы аламан. Жүйрігі жете алмаған мәреге жүгенін ұстай жүгірген шабандозы жетті. Тақымы тастай деген талай ер бала 80 шақырымға шыдас бермеуі мүмкін. Осы ұлы аламанға жалғыз бұрымды шапты.
АЙТАҢСЫҚ ӘЛЕКЕҚЫЗЫ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ
Жалпы, мен 4-5 жасымнан атқа мінемін. Осы әкем атқа үйреткен. Өзі атбегі кісі. Ал жалпы бәйгелерге 2023-24-тен бері шауып келемін. Осы 80 километр, 90, марафондарға, 100 киломтрге және де.
Еліміздегі ат баптайтын, жүйрік жарататындардың бәрі Көкпектіге көшіп келгендей. Көне Тараздан, маңғаз Маңғыстаудан, Қарағандыдан, жер жаннаты Жетісудан, арысы Алматыдан келген атбегілер атағы алысқа кеткен сәйгүліктерді әкеліпті. 5 шақырымдық тай жарысында 40 қылқұйрықтың ішінен Алматы облысының Шиен ауылының жүйрігі «Шамшырақ» қара үзіп шықты.
ДАМИР АСЫЛҚҰЛ, ШАБАНДОЗ
Тайымның уже биылғы 24-ші бәйгесі. 19-ында бір келдік. Қалғанында 2-3 болды.
Топ бәйге «Қамбар қасқа» мен «Айшуақ» жүйріктің арасында өтті. 15 шақырым, 6 айналым бойы 50-ге жуық жүйрік ішінін қос қылқұйрық қара үзіп, оза шапты. Тұлпарлар тізгін тістесті, шабандоздар үзеңгі қағыстырды. Бес айналым «Айшуақ» алда еді, алтыншыда «Қамбар қасқа» бауырын жазды.
АБЗАЛ ТҰРМЫС, ШАБАНДОЗ
Бәйгенің алдында атыма сенімді болдым. Ешқандай күмәнсіз ұтатыныма сендім. Содан ұттым.
Ауа райы да қарайласқандай бұл күні. Ми қайнатар аптап ыстық жоқ. Самал жел есіп, ақша бұлттар күннің көзін көлегейлеп тұрды. 30 шақырым аламанға шапқан 30-дан аса жүйріктің мәреден бесеуі ғана өтті. Қордайдың жүйрік «Тайванымен» Қарағандының «Бақторысы» бұл жолы бірге шапты. «Бақторының» қамау тері жақсы алынып, бапкері дұрыс таң асырыпты.
ЕРБОЛАТ ЖАЗЫЛБЕКОВ, АТБЕГІ
Мына Бақторының 4-ші машинасы ұтып алған. 00:11 скл 00:32. Тайваннан екі рет ұтылды. Мынау 3-рет түсіп тұр. Тайван екі рет ұтқан мынаны. Осы жолы, үшіншісінде трилогия, бұл ұтып отыр.
Көкпардан Жарма ауданының жігіттері мықты болды. Қарсылас шыдатпады. Ал бәйгеге тіккен үш темір тұлпар да, қаражат та қазынадан емес. Бюджеттен бір тиын шықпады. Фестивальге ауданның ауылшаруашылық құрылымдары мен кәсіпкерлері құрған «Көкпекті» қоғамдық қорының қаржысы жұмсалды.
ЕРЖАН ҚОЙГЕЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Үкіметтің ақшасы бәріне келе бермейді. Сондықтан, біздің өзіміздің ауылымызда жиналған қорды біз тек қана тойларға емес, осы ауылдағы жетіспей жатқан спецалистер, мұғалімдер, врачтар, жоқ мамандарға қолдануға көмектесіп жатырмыз.
Фестивальді елдің еңсесін көтеріп, өнер мен ұлттық спортқа серпін беру мақсатында өткізуде. Оның үстіне Көкпектіде көптен бері көпшілік бас қосқан мұндай жиын болмапты. Расында, ауданның әл-ауқаты артып, дамуға бет алған. Соңғы бір жылдың айналасында ауқымды жұмыстар атқарылған.
ӘДІЛЕТ ҚОЖАНБАЕВ, КӨКПЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл, жаңағы аудандық емес, облыстық емес, республикалық деңгейде өтіп жатқан іс-шара болды. Осындай тойлар керек, осындай бір серпін керек. Ары қарай да ауылдарды дамытуға бұлар, осындай тойлар, осындай фестивальдар оң әсерін тигізеді деген ойдамын, сенімдемін.
Фестиваль кешкісін гала-концертке ұласты. Елге есімдері мәшһүр өнер жұлдыздары Көкпекті аспанын әнге бөледі. Толағайдың етегіндегі елдің есінде қалған ұлы дүрмек міне осылай өтті.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ