Егер сіз қоғамдық орындарға алкогольдік ішімдік ішіп, не мас күйінде келсеңіз, балағат сөздер айтып айналадағыларға құрметсіздік танытсаңыз, саябақтарды, скверлерді ластап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастасаңыз заңмен жазаланасыз. Сондай-ақ, түнгі 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін (демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін) азаматтардың қалыпты тынығуына және тыныштығына кедергі келтірсеңіз де тиісті жаза бар. Түрлі мөлшердегі айыппұл арқалап, 5 -15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға да алынуыңыз мүмкін.

Жоғарыда айтылғандар жай ғана сөз емес. Нақты дерек. Биылғы жыл басынан бері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп немесе мас күйінде келген 5 354 құқық бұзушылық тіркелді. Оларға тағайындалған жаза - бес айлық есептік мөлшеріндегі айыппұл. Ал, балағат сөздер айту, жеке тұлғаларға дөрекі мінез көрсетіп, айналадағыларға құрметсіздік таныту, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Тіптен бестен он бес тәулікке дейін қамау қарастырылған. Жыл басынан бері осындай жаза 193 адамға тағайындалды. Қылмыстардың көбін адамдар мас күйінде жасайды. Ал ішімдіктен бас тартқан ауылдар көпке үлгі болып отыр.

БАУЫРЖАН САДАҚБАЕВ - ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Абай облысы бойынша қазіргі уақытта 13 ауыл яғни Абай облысының елді-мекендерінде алкоголь өнімін сатудан және тұтынудан бас тартты. Оның ішінде Ақсуат ауданының Кіндікті, Қожакелді, Тана мырза, Абай ауданының Кеңгірбай би, Жаңасемей ауданының Бөкенші, Көкпекті ауданының Ұзынбұлақ, Бесқарағай ауданының Бірлік, Қоянбай, Үржар ауданының Бургон, Қызылту, Аягөз ауданының Қарағаш, Мақаншы ауданының Қайыңды, Бородулиха ауданының Зубаир ауылы

Аталған елді-мекендердің барлығын қосқанда 6 мыңға жуық халық тұрады. Жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау да қоғамдық тәртіп бұзуға жатады. Ондай азаматтар он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Абай болыңыз, қазір әр басқан қадамыңыз камерамен бақыланады. Әлемдік тәжірибеге сәйкес облыс орталығында бет-әлпетті тану функциялары бар 86 бейне камералары орнатылды. Бұдан бөлек тұрғындар қауіпсіздігі үшін полиция ұшу аппараттары – дрондарды қолданады.

БАУЫРЖАН САДАҚБАЕВ - ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі уақытты полиция Департаменті облыс аумағында тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін және тыныштығын сақтауға бағытталған іс шаралар жүзеге асырылуда, оның ішінде қоғамдық жерлерде, ойын-сауық мекемелерде және аумақтарда 1551 бейне бақылау камераларының орнатылды, қосымша 2025 жылы қоғамдық жерлерде 380 бейне камералары орнатылды, олар халықтың көп жиналатын орындарда, қоғамдық жерлерде және үйлердің аулаларында орнатылды.

Еліміздің ІІМ жариялаған профилактика жылы және «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде Абай облысының полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін қырағылықпен қызмет етуде.


Ермек Исабаев