Облыс әкімі Берік Уәли зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жүздесудің басты мақсаты – елдік маңызы бар Хакім Абайдың 180 жылдығын халықтың өзімен кеңесе отырып өткізу, алдыңғы буынның ақыл-кеңесіне жүгіну. Аймақтың басшысы аға буын алдында бұл мерейтойдың тек өңірдің ғана емес, тұтас елдің рухани мерейлі межесі екенін айтты.

Абай облысы құрылғаннан бері алғаш рет Ұлы Абайдың мерейтойын кең көлемде атап өтуге мүмкіндік туып отыр. Бұл – тарихи жауапкершілік, деді Берік Уәли. Осыған дейін өткен Абайдың мерейтойларын абыроймен ұйымдастыруға осындағы аға буын атсалысқан. Сондықтан, елдің рухын көтеретін мерекені алдыңғы толқынсыз елестету мүмкін емес. Оның үстіне келісіп пішкен тонның келте болмасы да анық. Ымырада, ынтымақта бастаған істің де берекелі болары сөзсіз.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Хакім Абайдың мерейтойы келе жатыр. Соның қарсаңында, міне, тура бір ай қалды. Арнайы өздеріңізбен кездесіп, кеңесіп, ұсыныс – тілектеріңіз болса, ақыл – кеңестеріңіз болса. Біз алдын ала бағдарламаның жобасын дайындап қойдық. Соны өздеріңізге таныстырып, өздеріңіз көріп, біліп, сол бойынша ұсыныс – тілектеріңізді айтса деген ниет.

Жиында жауапты тұлғалар мерейтойға арналған онкүндік бағдарламасын таныстырды. Мерекелік іс-шаралар Семейде, Абай ауданында және өңірдің өзге де аудандарында өтеді. Айта кетейік, бағдарламада ұлттық сананы жаңғыртуға, мәдени мұраны насихаттауға баса мән берілген. Мерейтой бағдарламасымен танысқан зиялы қауым өкілдері Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының мазмұнды екенін атап өтті.

МҰРАТҚАЗЫ ӘЛИН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі жоспармен танысып отырып, өте қуаныш сезімінде отырмыз. Өйткені, уақыттың да, сосын мына адамдардың көзқарасының өзгергендігінің куәсі болып тұрмыз. Мына қалған бір айдың ішінде көп жұмыстар жоспарланып және жүзеге асатынына біз кәміл сенімдіміз. Жалпы, мынау ойлап отырған мақсаттарыңыз өте ауқымды, осының ойдағыдай орындалуына біз шын тілектестігімізді білдіреміз.

Зиялы қауым өкілдері мерейтойға байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі жиында айтылған ұсыныстардың барлығы ескерілетінін айтты.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ