10 шілдеде мал дәрігерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Бұл атаулы күн Қазақстанда осымен екінші рет тойланды. Мереке жануарлардың денсаулығы мен мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ветеринарлар еңбегінің маңыздылығына назар аударуға арналған.

"Дәрігер адамды емдейді, ал ветеринар – адамзатты" деген сөз бекер айтылмаған. Ветеринарлық жұмыстың маңызы күннен-күнге артып келеді. Сондықтан, бұл мамандарға сұраныс жоғары. Кәсіп иелері жануарларды емдеп қана қоймайды, сонымен қатар құтыру, бруцеллез және басқа да қауіпті аурулардың таралуын, адамға жұғуының алдын алады. Міндеттері мұнымен шектелмейді, мал өнімдерінің сапасын бақылау да соларға артылған жүк.

Соңғы бірнеше жылда елдің ветеринариялық саласы алға жылжуда. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы ветеринарлық істі де айналып өткен жоқ. Мамандардың табанды еңбегінің арқасында ет сатып алу бұрынғыдан қауіпсіз болды. Ақпарат алақаныңда. Ет сатып аларда QR кодқа жүгінсеңіз жеткілікті Ол арқылы сараптаманың қорытындысын көруге болады. Сараптама туралы айтатын болсақ, өнімнің сапасын тексеретін мамандарға да назар аударған жөн. Әр зертханашының өз әдісі бар. Балық өнімдер, сүт, ет тағамдары тәжірибелі мамандардың рұқсатынсыз сөрелерге жіберілмейді.

Соңғы онжылдықта елдің ветеринариялық қызметі айтарлықтай оң өзгерістерден өтті. Сала мамандары күнделікті еңбегі арқылы азаматтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.


 СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ