Президенттің Алакөлдегі жағдайды реттеу бойынша тапсырмасынан кейін Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туристік аймаққа барды. Көл жағалауының жағдайымен танысты. Сапар мақсаты аймақтағы жұмысты үйлестіру.
Туристік аймақтың жағдайы Президент назарында. Елден шағым түскен соң бірден Үкіметке тапсырма берді. Алакөл шипалы суымен туристерді тартатын елдегі ерекше демалыс орны.
Жаз маусымында мыңдаған турист ағылғанымен әттеген-ай, дегізетін тұстары аз болмай тұр. Мемлекет басшысы инфрақұрылым, қызмет сапасы, қауіпсіздікті лайықты деңгейге көтеруді тапсырды. Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев көл жағалауындағы туристік инфрақұрылымның жай-күйімен танысты. Ол демалушылармен тілдесті. Кәсіпкерлер және медицина қызметкерлерімен кездесіп, жергілікті жердегі жағдайға қанықты. Туризм және спорт министрі салаға серпін керек, ол үшін заңнамаға өзгерту енгізіліп жатқанын айтты.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ
«Жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Бұл бақылауда болады. Қосымша сапарлар жиі болып тұрады. Министрлік тарапынан туризм саласындағы заңдамаға өзгерістер енгізіп жатырмыз, Ол сапа стандарттарын көтеру бойынша, инфрастуктура жоғарылату бойынша, қауіпсіздік ережелерін көтеру бойынша жақсы шаралар қолданылатын болады»
Талай жыл жөнделмеген Алакөл жағалауына абаттандыру жұмыстары биыл басталды. Облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінген. Ол қаржыға Арбат алаңы жөнделеді, қоғамдық кеңістік құрылып, жағалау абаттандырылады. Облыстық қазынадан тағы қосымша 300 млн теңге бағытталды. 141,6 млн теңге – Кабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысына; 57,7 млн теңге – көл жағалауында құтқару станциясын салуға; 100 млн теңге – туристік аумақты дамытудың бас жоспарын әзірлеуге қарастырылды. Ермек Көшербаев туристік аймақтарды жақсарту елдің барлық өңірлерін қамтитын мемлекеттік стратегия аясында жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті: «Басты міндет — уақытша шешімдер қабылдамай, таза жағажайлар, қауіпсіз демалыс, тұрақты байланыс және ойластырылған инфрақұрылымды қамтитын орнықты жүйе қалыптастыру. Туризм — азаматтар үшін жайлы, ал өңірлер үшін өркениетті экономикалық әсер әкелуі тиіс», — деді. Осы сапар аясында туристік аймақтарды жоспарлаудың стандарттарын өзгерту және әкімдіктер мен қадағалау органдары арасында өзара іс-қимылды күшейту сынды жүйелі шаралар қабылданады. Ол жұмыстар Үкімет деңгейінде бақылауда болады.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА