Ғылым мен білімнің ордасы, талантты жастардың басын қосқан құт мекен – Әлихан Бөкейхан университетінің түлектеріне диплом табыстау саланаты өтті. Ел ертеңінің сенімді тірегі, жас мамандардың жарқын да ерекше күніне университет Президенті Шырын Құрманбаева, профессор-оқытушылар құрамы мен ата-аналар, оқу орнының әлеуметтік серіктестері қатысты.
Биыл іргелі білім ордасындағы бакалавриаттың 26 білім беру бағдарламасымен 2800-ге жуық түлек қолына диплом алды. Оның ішінде әскери кафедраны сәтті тәмамдаған 198 студентке «запастағы лейтенант» әскери атағы берілді. Университет тек кәсіби білім ғана емес, өмірлік дағды, достық, табандылық пен жауапкершілік сынды құндылықтарға үйретті.
ШЫРЫН ҚҰРМАНБАЕВА, ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY ПРЕЗИДЕНТІ
Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Ата-анаға қалай қуаныш болса, мен де өзімнің балаларымды, түлектерімді әлі қарлығаштарын ұясынан ұшырған күн деп есептейміз.
Биылғы түлектер арасында да үздік оқу үлгерімімен, ғылыми зерттеу ізденістерімен білім сайыстарында, ғылыми конференцияларда жетістікке жеткендер көп. Әлемдік аренада ел намысын қорғап, жеңіс тұғырын бағындырған спортшылар, өнерімен тәнті еткендер, облыстың қоғамдық өміріне араласып жүрген белсенді жастар да бар.
НҰРАЙ ҚАНАТҚЫЗЫ, ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY ТҮЛЕГІ
Бүгін біз арманға жол ашқан студенттік өмірімізбен қоштасар сәт келіп жетті. Ал заң факультеті менің екінші үйімдей болып кетті. Себебі, бұл жерде мен білім алып қана қоймай, өмірлік құндылықты бойыма сіңіре алдым.
ТІЛШІ: Білім ордасында әскери кафедра құрылғалы 1945 студент «запастағы лейтенант», 103 студент «запастағы сержант» әскери атағын алған. 500-ден астам түлек еліміздің Қарулы Күштерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Ұлттық Ұланда, Әділет және Ішкі істер министрліктерінде жұмысқа орналасқан.
АЗАМАТ ЖҰМАҚАНОВ, ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY ТҮЛЕГІ
Сонымен қатар, 2 жыл білім алып, әскери кафедраны да бітірдік. Өзіміз Отанымыз алдымыздағы ант берген қызметімізді атқарамыз.
Ұл-қызының диплом алуы - ата-ана үшін айтулы күн, есте қаларлық сәт, жүрекке жылылық сыйлайтын кез. Алда үлкен өмір жолы, жаңа мақсаттар мен тың белестер күтіп тұрған түлектерді әке-шешеден бөлек, ата-апасы, туыстары да құттықтай келгендер көп.
ТІЛЕУҒАЗЫ ДІНЖҰМАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Немерем бүгін менің қызыл дипломға бітіріп отыр. Алғысым шексіз. Мына осы бітіріп отырған түлектерді барлығын осы бітіруімен құттықтаймын. Еңбек жолы қайырлы болсын. Қазіргі заманда тәртіп пен заң. Ең негізгі қағида – осы тәртіп пен заңды орнататын жаңағы түлектер.
Түлектердің көпшілігі жұмысқа орналасып, өздерінің кәсіби еңбек жолдарын бастап та кеткен. Олар жергілікті атқарушы мекемелеріне, құқық қорғау органдарына, қаржы, салық, банк жүйесінде, білім беру ұйымдарында, қызмет көрсету саласына жұмысқа тұрған. Тіпті, оқып жүргенде-ақ өз ісін бастап, кәсіпкерлік жолды таңдағандар да аз емес.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ