Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы жартыжылдық қорытындыланды. Жиында облыс әкімі Берік Уәли өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады.
Абай облысының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 103,7 пайызды құрады. Бұл – Ұлттық даму жоспары бойынша межеленген 103,6 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Көлік саласында – 119,6%, құрылыста – 117,4%, байланыста және ішкі саудада – 108,3%, ауыл шаруашылығында – 104,1%, өнеркәсіпте – 101,1% өсім бар. Биыл жалпы құны 31,1 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 767 жұмыс орны ашылады. Бүгінде «Eastern Gold» алтын өндіру фабрикасы іске қосылды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 38 жоба енгізілген. Осылар арқылы 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны пайда болады. Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағында 4 жоба жүзеге асуда. Инвесторлардың қызығушылығы жоғары болғандықтан оның аумағы 600 гектарға дейін ұлғайтылатын болады. Ауыл шаруашылығында суармалы жерлерді ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазір облыста 113 мың гектардан артық суармалы жер бар. 2024-2028 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспар аясында 6 су қоймасы салынып, қосымша 31 мың га жер айналымға енгізіледі. Ертіс өзенінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы бұл көрсеткіш тағы 70 мың гектарға ұлғаяды. Жоспарда Семейдің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын салу бар. Аумақ мың гектарды қамтиды. Онда тұрғын үйлер және 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік нысандар салынады. Жаңа облыстың даму жоспары қарқынды. Премьер-министр Абай облысына қолдау болатынын жеткізді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ-ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
«Үкімет мүшелеріне айтатыным – Абай облысын қолдау керек. Жаңадан құрылған өңір. Республикалық бюджеттен жіберілетін қаражаттың көлемі жеткіліксіз. Соның бәрін ескеріп, қаржыландыру көлемін арттыру керек»
Алакөл туристік аймағына қатысты арнайы бас жоспар әзірленіп жатыр. Жағалауды 4 шақырымнан 19 шақырымға дейін ұзарту көзделген. Облыс әкімі өңірге инвестиция тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Маусым айында «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында 15 меморандумға қол қойылды. Қытай Халық Республикасымен халықаралық ынтымақтастықты арттыру жалғасып келеді. «Облыс әкімдігі өңірдің экономикалық өсімін сақтауға бар күш-жігерін салатын болады. Алдымызға қойылған міндеттерді уақтылы орындайтын боламыз», – деді аймақ басшысы Үкімет отырысында.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА