Қаламызда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиын офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды. Кездесуде өткен жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2024 жылға қойылған мақсат міндеттер талқыланды. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшелері, қалалық және аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары, жас мамандар қатысты.
Қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешудің озық тәжірибесін енгізу маңызды. Әрі мемлекет болашағы өскелең ұрпақтың тұла бойына сіңірген тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің негізгі міндеті - Ананың рухани және тәрбиелік рөлі арқылы қоғамдық келісімді нығайту, отбасы құндылықтарын сақтау. Басқосуға Абай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшелері, жас мамандар қатысты. Күн тәртібінде өткен жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижелері, 2024 жылға қойылған мақсат міндеттер және «Мәдениетті ана - Мәдениетті ұлт» жобасын іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің жаңа құрамы таныстырылды.
АЙЖАН ҚУАНЫШБАЕВА - АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бұл қауымдастық, бұл кеңес бүгінде сұранысқа өте ие. Себебі, қазір негізінен жас және орта жастағы аналар көптеген қиындықтармен бетпе бет келіп жатады. Көптеген жағдайларда олар мәселені жалғыз шешуге қауқарсыз болады. Осындай кезде аналар кеңесі көмекке келіп, бағыт бағдар беріп, көмек көрсетеді.
Бүгінгі таңда Аналар кеңесі облысымыздың әр мектебінде құрылған. Барлығы дерлік, қоғамға өз пайдасын тигізуде. Жиында сөз алғандар, отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстарды, ұлттық дәстүрді негізге ала отырып қоғамда әйел мен ананың рөлімен отбасы инстутының маңыздылығын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани адамгершілікпен патриоттық тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыру керектігін атап өтті. Кеңес мүшелерінің айтуынша, Аналар кеңесінің қоғамдағы рөлі әйелдер қауымы үшін өте маңызды.
ШАҒАНГҮЛ ЖАНАЕВА - М. О. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында жұмыс жасап отырған әйелдер кеңесімен біршама жұмыстар атқарылды. Бұның барлығы түптеп келгенде тәрбие деген өзі қиын шаруа ғой. Оның жемісін бір күнде көру мүмкін емес. Бірақ, қоғамда мұндай жұмыстардың белсенді түрде атқарылуы, мазмұнды түрде атқарылуы мұның барлығының болашағы зор деп есептеймін. Сондықтан бұл дән іспетті. Бірте бірте ол өзінің жемісін береді деп ойлаймын.
ГАЛИНА КИРИЧЕНКО - «СЕМЕЙ ОРЫС ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің кеңес бюджеттік білім беру ұйымдарына және басқа қауымдастықтарға қосымша қоғамдық күш ретінде өте маңызды. Мысалы, мен орыс әлеуметтік-мәдени орталығында 20 жылдан бері төраға орынбасарымын. Біз мектептерге жиі барамыз. Мәселен, өткен жылы мектептердегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына шамамен 30 рет барған шығармыз. Сол жерде біздің қаншалықты қажет екенімізді байқадым. Сондықтан біз қоғамдағы мәселелерге немқұрайлы қарамайтын адамдардың барлығын өскелең ұрпақпен жұмыс істеуге шақыруымыз керек.
Тектіліктің түп негізінде ұлттық тәрбие ұғымы басты орында тұр. Болмысынан бекзат, тумысынан текті халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты тәжірибелері мемлекеттік бағдарламаларда да көрініс тауып отыр. Айта кетерлігі, Аналар кеңесінің отырысы тоқсан сайын ұйымдастырылады.
АСЛАН ЕРТІСБАЕВ