5 маусым – қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз қызметін арнаған мамандардың кәсіби мерекесі. Экологтар күні 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен тұспа-тұс келеді. Экологтар күніне орай Арбат алаңында мерекелік іс-шара өтті. Оның аясында экология саласының бірқатар қызметкерлері Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Қазіргі таңда елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.