Семейде Наурыз мерекесіне қызу дайындық жүруде. Биыл да мерекелік іс-шаралар легі «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылуда. Негізгі басымдық 22 наурыз күні қаланың орталық алаңында және өзге де аудандарда ұйымдастырылады. Орталық алаңға 12 киіз үй тігіледі. Олардың әрқайсысы еліміздің көрнекті тарихи тұлғаларына арналады. Тағы 18 киіз үй қаланың әр аумағында, яғни Мұхтар Әуезов алаңындада, теміржол вокзалының жанында, «Әсима» сауда үйінің маңында, тері-былғары комбинаты аумағында және Қарағайлы шағын ауданында тігіледі. Мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ауқымды мәдени бағдарлама дайындалған. Театрландырылған қойылымдар мен ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт өтеді.