Елімізде соңғы жеті жылда 1 259 денсаулық сақтау нысаны салынған. Соның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 ғимарат бой көтерген. Аталған бағдарлама Абай облысында да сәтті іске асып отыр. Соңғы екі жылда өңірде 60-тан астам жаңа нысан пайдалануға берілген. Олардың түгелі дерлік алыс ауылдарда. Өңірде өткен жылы саланы дамытуға 6,9 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл емханалар, мед пункттер мен амбулаториялар салумен қатар, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтуға жұмсалуда. Әсіресе, шалғай жатқан елді мекендерге ерекше мән беріліп отыр. Ондағы халықтың аудан, облыс орталықтарына барып, ем іздеп сабылуы тыйылған. Қажетті дәрігерлік көмектің денін өз ауылынан алыстамай-ақ алатындай деңгейге жеткен.