Өткен демалыс күндері Қазақстан ең ауқымды офлайн-хакатоны – Децентратон 4.0 алаңы болды. Хакатонды ұйымдастырушылар – «Астана хаб» және «Блокчейн энд ЕйАй Текнолоджи Центр». Оған Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолдау көрсетті. Хакатонға еліміздің 20 қаласынан қатысушылар жиналды.

Хакатонға 2 500-ден астам қатысушы жиналды. Мектеп оқушыларынан бастап, студенттер, кәсіпкерлер мен тәжірибелі IT-мамандар бас қосты. Қатысушылар команда құрып, менторлық қолдауға ие болды. Олар жобаларын тікелей сала сарапшыларына таныстырды.

БАУЫРЖАН НАУРЫЗБАЕВ, «ABAI IT-VALLEY» ӨҢІРЛІК ТЕХНОКЛАСТЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл біздің өңірімізді дамытуға үлкен серпіліс береді. Өйткені, біздің балалар өз ортамызда ғана бәсекеге түспейді, басқа қалаларда қалай өтетінін, басқа қалалардың деңгейін көреді, салыстырады. Және де, екіншіден, бұл біздің балаларға үлкен Астана, Алматы қалаларындағы инвесторлардың, үлкен компаниялардың көзі түсу үшін. Яғни, жұмысқа орналасқанда үлкен жетістікке жету үшін жасалған жоба.

Децентратон 4.0 хакатонының негізгі тақырыбы – жасанды интеллект. Қатысушылар осы салада өз шешімдерін жасап, көпшілікке таныстырды. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектке көп мән берді.

ЕЛЬНАР БАҚЫТБЕКОВ, ҚАТЫСУШЫ
«Бұл көбінесе Шакарим университеті үшін жасалады. Біз бірінші курсқа қабылданған абитуриенттерге арналған телеграм-боттарды жасаймыз».
ЕЛДАР БАУЫРЖАН, ҚАТЫСУШЫ
«Бүгінгі хакатонға біз өзіміздің командамызбен қатты дайындалдық. Ғаламтордан ақпарат іздеп, өзіміз дайындалдық.

Хакатонның жүлде қоры 15 миллион теңге. Ол жеңімпаз командалар арасында бөлінетін болады. Нәтижелер «Диджитал Бридж 2025» атты ең ірі технологиялық форумда жарияланады. Жеңімпаздар өз жобаларын кең аудиторияда, инвесторлар мен әлеуетті серіктестерге таныстыру мүмкіндігіне ие болады.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ