Қыркүйек басталысымен Абай облысының тұрғындары көмірді жаппай сатып ала бастады. Билік пен жеткізушілердің айтуынша қоймада көмір қоры жеткілікті, биыл тапшылық болмайды. Дегенмен, аймақ тұрғындарын қыстың қақ ортасында кезек пен дүрбелең туындамас үшін алдын ала қамдануға шақыруда.
Жылыту маусымының қарсаңында Абай облысында қатты отынға деген сұраныс арта түсті. Жеткізушілер көмір тапшылығы болмайтынын мәлімдегенімен, билік тұрғындарды көмірді уақытылы алуға шақырып отыр.
САҒАДАТ САҒИЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі таңда облыс бойынша халыққа арналған 15 сату пункті жұмыс істеп тұр. Оның 11-і – теміржол тұйығы, төртеуі – ірі қойма. Бүгінгі күні жалпы 9 мың тоннадай көмір жеткізілді, оның ішінде Семей қаласында – 6,5 мың тонна.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, көмір күн сайын жеткізіліп жатыр. Баға мен сату орындары туралы мәлімет басқарманың интернет-ресурстарында жаңартылып тұрады. Бүгінгі таңда облыс халқының көмірге сұранысы – шамамен 567 мың тоннаны құрайды. «Қаражыра» кенішінен қазірдің өзінде күн сайын 36 мың тонна отын жөнелтіліп, қоймаларда жеткілікті қор жиналған. Кеніштің өзінде 200 мың тоннадан астам көмір қоры бар, осы айда тағы 70 мың тонна жөнелтіледі. Кеніштен көмірді өздігінен алып кету мүмкіндігі қарастырылған . Күн сайын 50-ден астам көлік, яғни мың жарым тонна көмір жөнелтіледі.
ЕРКЕБҰЛАН ҚАҢТАРБЕКОВ – «ҚАРАЖЫРА» АҚ КОММЕРЦИЯ БОЙЫНША БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Қыркүйек айында облыстағы шағын қазандықтарға коммуналдық көмір жеткізу басталды. Ал халық үшін көмір жөнелту тамыз айынан бері жүріп жатыр. Бүгінде 36 мың тоннаға жуық көмір таратылып, шамамен 30 оператор қоймасына жеткізілді. Бұл – халықтың қажеттілігінің 100 пайызынан артық. Қазіргі таңда тапшылық жоқ, кеніште жеткілікті көлемде – 200 мың тоннадай көмір бар.
Көмірдің тоннасы бөлшек саудада 14 500-ден 18 500 теңге аралығында. Семейде 16 500–16 600 теңге. Кеніштің өз басында 10 900 теңгеден. Ал «Востокугльпром» теміржол тұйығында іріктелген көмір 17 500 теңгеден сатылуда. Ауылдық елді мекендерде баға жеткізу шығынына байланысты сәл жоғары болуы мүмкін. Дегенмен кәсіпкерлер бағаны негізсіз көтермеуге міндетті, ал заңсыз қымбаттату анықталса, шара қолданылады. Семей қаласында көмір сататын 6 орын бар, олардың мекенжайы күн сайын онлайн жарияланып отырады.
НҰРБЕК НҰРБЕКОВ – «ЖІГЕР СТ» КӨМІР ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда бізде бір тонна көмірдің бағасы – 16 600 теңге (өздігінен алып кету). Өткен жылмен салыстырғанда баға 600 теңгеге көтерілді. Халық біртіндеп дайындалып жатыр. Күніне 5 вагон көмір келеді, шамамен 350 тонна. Бұл көлем бір күннің ішінде түгел сатылып кетеді.
Жергілікті билік өкілдері: тұрғындарды көмірді қазірден сатып алып, қыс маусымына ерте бастан қамдануға шақырды.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА