Енді Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары сабақ барысында ұялы телефондар мен планшеттерді қолдана алмайды. Аталған оқу орындарында смарт құрылғыларға тыйым салынды. Сабаққа қажетті мағлұмат алу үшін енді оқушылар смарт аумақтарда орналасқан ноутбуктерді пайдаланады.

Бұл бастама Алдымен Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектепте апробациядан өткізілген. Мақсат оқушылардың денсаулығын сақтау, цифрлық технологияларға тәуелділіктің алдын алу. Тәжірибе оң нәтиже берген соң, жаңа оқу жылынан бастап барлық Зияткерлік мектептерге еңгізіліп жатыр.

ЕРБОЛ ҚАЙНАРБАЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ НЗМ ДИРЕКТОРЫ
Қазіргі таңда әлем дабыл қағуда. Оқушылар, жасөспірімдердің арасында смарт құрылғыларға тәуелділік артып келеді. Мен ойлаймын, оқушылардың қазіргі таңда сабақ үдерісінде, сабақ барысында смарт құрылғыларға көбірек назар аударуы сабақ процесіне кері әсерін тигізеді. Бұл оқушылардың арасындағы қайшылықтар, білім алушы мен мұғалімнің арасындағы кедергілерге алып келуі мүмкін.

Гаджеттерді тек сабақ барысында ғана емес, жалпы мектепте өзімен бірге алып жүруге тыйм салынған. Білім алушылар оқу орнына келген бетте смарт құрылғыларды аты-жөні жазылған арнайы жәшікке салады. Қорапшалар тек кураторларға тапсырылады.

ГҮЛІМ СҮЛЕЙМЕН – ОҚУШЫ
Телефондар жайлы жаңалықты біз басында өтек негативті түрде қабылдадық. Себебі, көбімізде күдіктер болды. Ұялы телефондарымызға не болады. Жоғалып алсақ не болады, басқа біреу алып кетсе не істейміз деген күдіктер болды.

Иә, смарт құрылғылардан бас тарту бастамасына оқушылар алғашқыда күдікпен қараған. Керегін мезетте ғаламтордан тауып, әлеуметтік желіде хат алмасып үйренген жастар үшін бұл шектеу секілді көрінген. Дегенмен, ереже еңгізілгелі оқушылар бос уақытының көбейгенін айтады.

НҰРАЙ БАҚЫТЖАНОВА – ОҚУШЫ
Өзім ғылыми жобалармен айналысатын оқушы болғандықтан осы қосымша жұмысыма да позитивті әсерін байқадым. Біріншіден, уақытымның қаншалықты бағалы екенін түсіндім. Яғни, менің болашағым менің юүгінгі әрекеттеріме байланысты. Уақытымды жүйелеу үшін телефондардың жоқтығы мен үшін пайдалы болды.

Білім толықтыруға қажетті ақпарат алу үшін арнайы смарт аймақтар ашылған. Оқушылар қоңырау уақытында интернет желісіне қосылған ноутбуктерді қолдана алады. Ал физикалық сергектіктерін арттыру үшін шахмат және теннис үстелдері қойылған. Ата-аналармен немесе заңды өкілдермен байланысу үшін оқушыларға тек қана қоңырау шалу және SMS жіберу функциялары бар, ғаламторға қосыла алмайтын батырмалы ұялы телефонды пайдалануға рұқсат етілген.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК