Абай облысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Алдымен кеңесте бұған дейінгі отырыста қаралған мәселелердің орындалу барысы талқыланды. Тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін кезектен тыс беру және әлеуметтік осал топтарға арналған үйлерді қабылдау кезінде заң талаптарын бұзған Аягөз қаласы мен ауданындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік шаралар қабылданды.
ҚАЙРАТ САПАРҒАЛИЕВ- ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
13 тамыз 2025-ші жылы өткізілген әдеп жөніндегі кеңес отырысының шешімдері толығымен орындалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы Заңының 50-бабының 1-тармағы, 4-тармақшасында көзделген талаптарға сәйкес, шешімдерді дайындау мен қабылдау барысында жеке және заңды тұлғаларға құқықтық тұрғыдан қолдау көрсетуге тиісті қызметте мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол бергені үшін 18 тамыз 2025-ші жылы шыққан №171 үкім бойынша Абай облысы, Аягөз ауданы, Аягөз қаласының әкімі Ерлановқа қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Кеңес отырысында сондай-ақ облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар да қаралды. Тергеу барысында агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне инвестициялық субсидия бөлу кезінде Су кодексі мен субсидиялау қағидаларының талаптары сақталмағаны анықталды.
ДАНИЯР УМАРОВ- АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Тексеру барысында облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының кейбір лауазымды тұлғалары тарапынан заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, Су кодексі мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне инвестициялық шығындарының бір бөлігін өтеу тәртібі сақталмаған. Нәтижесінде жалпы сомасы 24 миллион теңгеге жететін 35 жағдайда заңсыз субсидия берілген. Бұл кәсіпорындарда арнайы су пайдалану рұқсаты болмаған, сондықтан оларға субсидия бөлінбеуі керек еді.
Бұл іс бойынша «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына сәйкес, оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» беру жөнінде шешім қабылданды. Әдеп жөніндегі кеңесте қабылданған шешімдер мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА