Арнайы киім тігілетін тігін фабрикасында түрлі салаларға арналған өнімдер дайындалады. Бұл жерде өз ісінің нағыз шеберлері еңбек етеді. Солардың бірі — Жаннат Оразбаева. Ол осы мамандыққа 40 жылын арнап, ұжымның ажырамас бір бөлшегіне айналды.
Жаннат Оразбаева тігін фабрикасында 40 жылдан бері еңбек етеді. Ол өз ісіне адал жан және кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосып жүр. Осы жылдар ішінде ол тәжірибелі әрі жауапкершілігі жоғары маман ретінде танылды. Кәсіпорын арнайы киім тігумен айналысады. Жаннат Оразбаева сынды жанашыр қызметкерлердің арқасында фабрика табысты жұмыс істеп, сапалы өнім шығарып отыр.
ЖАННАТ ОРАЗБАЕВА, ТІГІНШІ
«Мен тігінші ретінде жұмыс істесем де, бізде арнайы машиналар бар. Біз ілгек те саламыз, түйме де қоямыз. Қазір, мысалы, мен жұмысшы күрткелеріне түймелік кнопкалар қоямын. Өз жұмысымды жақсы білемін. Белгіленген жоспар бойынша орындай алатыныма сенімдімін. Бізде әркім өз жұмысын жақсы біледі. Маған бұл жұмыс ұнайды. Менің жұмысым соңғы кезең. Бірақ егер кнопка болмаса, күртке қалай түймеленеді, модельдің өзі қалай көрінеді?»
Жаннат Оразбаеваның жұмыс күні таңғы сағат 8-де басталады. Күні бойы арнайы жұмыс киімдерін дайындайды. Фабрикада күніне 300 жұп шалбар мен 90 дана күрте тігіледі. Осылайша, Жаннат әріптестерімен бірге отандық өндірістің дамуына өз үлесін қосуда. Әлбетте, бұл жұмыс – сабыр мен күш-жігерді талап етеді.
ЖАННАТ ОРАЗБАЕВА, ТІГІНШІ
«Кез келген мамандықтың өз қиындығы болады. Жақында бізде жеңіл өнеркәсіп күні өтті. Жеңіл деп айтқанымен оңай емес. Біз күніне 8 сағат отырамыз. Шаршайтынымыз рас. Аппараттар мен машиналарда отырып жұмыс істейміз. Жалпы, қызығушылық кішкентай ғана матадан басталады. Сол мата өңделіп, біртіндеп керемет бұйымға айналады. Сол дайын киімді біреудің үстінен көргенде, әсіресе жұмысшы адамдардың үстінен көргенде, қатты қуанып қаламыз. Олар киіп жүрсе, оларға ыңғайлы болса – біз үшін одан артық қуаныш жоқ».
Семей тігін фабрикасында 140 адам еңбек етеді. Олардың басты мақсаты – тұтынушы көңілінен шығатын сапалы өнім шығару. Жаннаттың кәсіби біліктілігін, еңбекқорлығын және көпжылдық тәжірибесін әріптестері жоғары бағалайды. Олар әріптесін еңбекқор маман ғана емес, сондай-ақ, мейірімді ана ретінде де құрметтейді.
КҮЛАЙЫМ ҚҰСАЙЫНОВА, ӘРІПТЕСІ
«Жаннат Оразбаева айтатын болсам екеуміз құрдаспыз. Ол осы мекемеде талай жылдар еңбек етіп жатыр. Әрине, жақсы жағынан білеміз. Өзі еңбекқор. Жақсы ана. Коллективте өзінің беделі бар. Әрине, жұмысшыларды қолдаған дұрыс деп ойлаймын. Әрқашан да Президенттің қолдауын күтеміз».
Көпжылдық еңбек тәжірибесіне қарамастан, Жаннат Оразбаева өз мамандығына деген қызығушылығын жоғалтқан емес. Оның айтуынша, жұмысшы мамандықтар бүгінде сұранысқа ие.
ЖАННАТ ОРАЗБАЕВА, ТІГІНШІ
«Жұмысшы мамандық иелерін қадірлей бермейтін. Әркімнің өз жұмысы бар. Әркім өзіне ұнайтын жерді іздейді ғой. Егер таба алмаса, біздің жаққа келсін. Бізде әрдайым бос орындар бар, жалақы да, жағдай да жақсы. Жұмысшы мамандықтар да беделді деп ойлаймын. Әсіресе тігінші – бұл әйелдерге арналған мамандық. Қыз-келіншектер үшін өте қолайлы».
Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру мен кадрлар даярлаудың заманауи стандарттарын енгізу – мемлекет пен бизнестің маңызды міндеттерінің бірі. Тек жоғары технология мен қол еңбектің үйлесімі сақталуы керек. Жаннат Оразбаева сынды шеберлердің арқасында қол еңбегі лайықты құрмет пен бағасын алуда.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ, МАЛИКА МҰХТАРОВА, ЕЛЖАН МАҒЗҰМОВ