Абай гарнизонының 44293 әскери бөлімінде тыл мамандары әскери міндеттілерінің оқу жиыны басталды. Запастағы әскерилерді дайындау үшін жиынға жүзден астам әскери міндеттілер шақырылды. Олар Семей, Аягөз қалалары мен Бородулиха ауданынан келді.

Әскери міндеттілер - әскер қатарында болған, қазіргі таңда түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар. Олар бір ай көлемінде тыл қызметіне қатысты жанар - жағармай, азық - түлік, киім - кешек, ветеринарлық қызметтерін және әскери қатынас мамандықтарды меңгереді. Отыз күн ішінде теориялық және тәжірибелік сабақтарды игереді.

ҚАЙРАТ ЖАРМЕНОВ, 44293 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әскери жиын тыл басқармасына бағынысты әскери бөлімдердің ішіндегі ең алғашқы болып, өткізіліп жатыр. Әскери жиында біз деген жиылған жеке құрамға көптеген практикалық сабақтар жүргіземіз. Мысалы, азық – түлік қызметі бойынша нан пісіру, тағам пісіру, қандай элементтер болады соның бәрін сабақ ретінде жүргізіп, көрсетіп өтеміз. Әскери жиынымызға тап – тұйнақтай дайынбыз.

44293 әскери бөлімінде әскери міндеттілер жатын орын, күніне үш рет тамақтану, әскери киіммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, әскери жиын барысында жұмыс орны, атқарылатын лауазымы да сақталады.

ЕКПІН ШҮРШІТБАЕВ, ЗАПАСТАҒЫ КАПИТАН
Мен үшін бұл жиын өте маңызды. Отан үшін отқа түсу ол әрбір қазақ азаматының бойындағы борышы деп білемін. Сондықтан, өзіме, жанымдағы қызметтес әріптес – жолдастарыма сәттілік тілеймін. Осы бір айымыз бір күндей өте шығады деп ойлаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, әскери жиындар жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің деңгейін арттыру, әскери оқыту резервін дайындау және запаста жинақтау үшін бағытталған. Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызметші мәртебесіне ие болады. Бұл ретте олар Қазақстан Республикасы заңдарының және жалпы әскери жарғылардың барлық талаптарын сақтауға тиіс.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ