Ұлттық құрылтайда қоғамның рухани негіздерін нығайтуға бағытталған бастамалар мен ұлттық құндылықтар қозғалды. Мемлекет басшысы Абай ілімінің маңызын айрықша атап, оны ұлттық болмыстың өзегі ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Президенттің сөзінше, бүгінгі «Адал азамат» тұжырымдамасы Абайдың «Толық адам» идеясымен тікелей сабақтас. Сондай-ақ ұлы ойшылдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу бастамасы көтерілді. Мемлекет басшысы Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің де ұлт руханиятының темірқазығы екенін атап өтіп, ұлы бабалардың мұрасын тек мерейтойлар қарсаңында ғана емес, жүйелі әрі тұрақты түрде насихаттау қажеттігін жеткізді.