Семейдің Абай алаңында облыстық полиция департаменті «Заң және тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырды. Қала тұрғындары тәртіп сақшыларының қызметімен фотосуреттер арқылы етене танысуға мүмкіндік алды. Көрмеден полицияның қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметі, олардың ерлігі мен жанқиярлығын көруге болады.
«Заң және тәртіп» атты көрмеде полиция қызметінің әр қырын көруге болады. Қоғамдағы тәртіп сақшыларының күнделікті қызметі, халықпен өзара іс-қимыл, қылмыспен күрес, тосын жағдайларда көмек көрсету, өз мамандығына деген адалдық суреттер арқылы айшықтала түскен.
ДИНА АМРЕНОВА, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Бүгін біз батыл әрекеттер туралы, қызметкерлеріміздің тәулік бойы қалай жұмыс істейтіні, көмек көрсететін кездерін, кездесетін қиындықтарын айтып береміз. Көрмеде Абай облысының полиция департаментінің ерекшеліктері мен маңызды сәттері фотосуреттерде көрсетілген».
Көрмеге қойылған фотосуреттер соңғы жылдардағы маңызды оқиғаларға толы. Әсіресе, 2022 жылғы алапат орман өрті кезінде полиция мен құтқарушылардың бірлесіп жұмыс істеген сәттері, эвакуациялау және көмек көрсету әрекеттері ерекше көрсетілген.
ДИНА АМРЕНОВА, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Көптеген сәттер, бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетіледі. Бұл тек полиция қызметкерлері атқаратын жұмыстың бір бөлшегі ғана деуге болады. Осы фотокөрме арқылы біз ішкі істер органдарының бүкіл қызметін көрсететін тақырыптарды көпшілікке танытуды мақсат еттік».
«Заң және тәртіп» фотокөрмесі бұған дейін де ұйымдастырылған. Ең алғаш Қазақстан полициясы күнінде бастау алған. Содан бері дәстүрден жаңылмай үздіксіз өтеді. Абай атындағы театрда, туристік маусым кезінде Алакөлдің жағасында және Абайдың 180 жылдығында осындай көрме көпшілікке ұсынылған. Көрменің мақсаты да сол, полиция қызметінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіру.
Осындай кішігірім выставка қатысып отырып, Ішкі істер министрлігіңнің жұмыстары туралы, историясына былай құлақ салып тыңдасаң, кішкене шабыт ашылады. Осы орайда, бұлар көбірек болып, жасөспірім балаларға кішкене түсіндірсек жақсы қызметкерлер шығады деп ойлаймын. Болашақ жастарды деп айтады ғой. Сол себепті өте керемет ұнады. Шабыт алдым.
«Тәртіп сақшыларының қоғамның игілігі үшін, халық үшін, табиғатты сақтап қалу үшін, өрттерден, ормандардан, қалалардан қорғау үшін тырысып жатқанын көргенде көңіл толады. Жалпы, жақсы жұмыс, бірақ қиын, бәрі оны орындай алмайды деп айтуға болады».
Көрме ұйымдастырушылары осындай жобалар ішкі істер органдарының имиджін нығайтып қана қоймай, полиция мен қоғам арасындағы сенім мен құрметті нығайта түсетініне сенімді.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ