Ел Президенті Құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынды. Биылдан бастап 23 сәуір кітап күні болып бекітілді. Осы мерекеге орай Абай атындағы кітапханада алғаш рет кітапхана түні өтті. «Ұлттық кітап күні». Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде пайда болған мереке. Биылдан басталған кітап күнін кітапханалар бірден іліп әкетті. Абай атындағы кітапхана алғаш рет кітапхана түнін ұйымдастырып, оқырман қауымға тартымды кеш сыйлады. Кітап көрмелері, қолөнершілердің этно-бұйымдары ұсынылып, кітап авторларымен кездесулер өзге де шаралар мәдени бағдарламаның мәнін арттыра түсті. Кітапты қызыға оқитын жастардың көптігі қуантты. Кітапхананың бай мұрасымен танысып, оқыған кітаптарын қызыға талқылаған студенттер үшін кітапхана түні рухани мерекеге айналды. Бүгінгі күні облыста 137 кітапхана бар. Оның 120-дан астамы ауылдағы оқырман үшін қызмет етуде. Кітапхана түні қаламгер, кітап, оқырман арасындағы байланысты нығайтып, мәдени-рухани құндылықтарды қоғамға жан жақты насихаттауға ықпал етті.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА