Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылған «ASSYL AI Hackathon» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Жасанды интеллект саласын меңгеріп жатқан 100 студент өз білімдерін нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік алды.
Байқауға «Assyltas» қоғамдық қоры мен «Kausar» тұрғын үй кешені серіктестігі ұйытқы болды. Мұндағы мақсат- жастарға жасанды интеллект пен стартап мәдениетін үйретіп, келешекке қажет дағдыларды қалыптастыру.
«ASSYL AI Hackathon» - бұл жасанды интеллектке қызығушылық танытқан студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Байқауға қатысқан жастар жасанды интеллект жайлы курстан өтіп, өз білімдерін тәжірибемен ұштастырды. ASSYL AI Hackathon аясында қатысушылар топтасып, стартап идеяларын ұсынды. Инновациялық шешімдер әзірледі. Көптен озып шығып, бірінші орынды иеленген команда АҚШ-қа білім сапарына жолдама ұтып алды. Екінші орын иелеріне- 500 мың теңге, ал үшінші орын үшін - 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы берілді. ASSYL AI Hackathon - бұл жай ғана сайыс емес, болашақ ІТ мамандарының алғашқы қадамы. Жоба алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де жалғасатын болады.