Жасыл-желекті, гүлденген Семей. Осыны мақсат еткен тұрғындар көгалдандыруға, тазалыққа жұмылды. Қаланың орталығы ғана емес, сонымен қатар шеткі аймақтар да дамудан тыс қалмайды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Степной кентінде қоқыс жиналып, ағаш отырғызылды. Көгалдандыру акциясына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Бұл жолғы сенбілік Степной кентіндегі №46 мектеп аумағында. Оған мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Облыс әкімі Берік Уәли тұрғындармен бірге шырша көшеттерін отырғызып, тазалық акциясына үн қосты. Бұл бағыттағы жұмыс қаланың орталығында ғана емес, шеткі жақтарында да қарқынды жүргізілуі тиіс. Семейді жасыл қалаға айналдыру біздің ортақ міндетіміз, деп атап өтті облыс әкімі. Степной ауылын көгалдандыру жергілікті тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі. «Таза Қазақстан» аясындағы сенбілікке облыстың 105 мыңнан астам тұрғыны қатысты. 76 мың аула тазартылып, полигондарға 20 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Қарағайлы шағын ауданында да жағымды жаңалық. Тұрғындар көптен күткен балабақшаның құрылысын бастау рәсіміне жиналды. 320 орынға есептелген балалар мекемесін келесі жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ауданда көпбалалы отбасылар көп тұрады. Десек те, аудан салынғалы бір ғана балабақша қызмет етіп, тұрғындар қашықтағы бақшаларға бала тасып жүр. Облыс әкімі қаланың шеткі аумақтары назардан тыс қалмайтынын және халыққа қажетті әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен салынатынын атап өтті.