Үржар ауданының Қарақол ауылында көмеймен ән салатын ерекше өнер иесі тұрады. 10-сынып оқушысы Қуаныш Амангелді көмеймен ән айтуды өз бетінше үйренген. Бұл өнерге жас талант 15 жасынан қызыққан. Көнеден жеткен көмей үнді жаңғыртып жүрген жасөспірім жайында айтайық.


Қуаныш Амангелді - Қарақол ауылындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Домбыра-тенор класын тамамдағаннан кейін, көмеймен ән айтуды үйрене бастаған. Болашақта дәрігер болсам, дейді. Домбыраны да қолдан тастағысы жоқ. Көмеймен ән айту техникасын тереңірек меңгеріп, кәсіби дәрежеге жетсем деген жас таланттың арманы бар.


Қуаныш Амангелді - 10-сынып оқушысы


Болашақта жақсы бал алып, Семейдегі медицина саласындағы университетке түскім келеді. Осы медицина саласын қуып, дәрігер болып адамдарды емдегім келеді. Өйткені, ол менің бала күнімдегі арманым. Домбыраны да тастап кетпеймін. Өйткені бұл менің хоббиім және қазақтың ұлттық аспабы.


Қуаныш 8 жасынан бастап домбыра тартады. «Адай», «Балбырауын», «Ата толғауы», «Алаш аманаты» күйлерін нақышында орындайды қазір. Дәстүрлі өнерді дәріптеуді көздеген жас өрен түрлі байқауларға да қатысып, бақ сынап көруге дайын. Оқушының өнерге қызығушылығын алғаш болып домбыра үйірмесінің жетекшісі Қуанхан Ахмадиева байқаған.


Қуанхан Ахмадиева - Домбыра үйірмесінің жетекшісі


Қуаныштың болашағы зор енді. Болашағы әрқашан жарқын болсын оқушым. Биіктерден көріне берсін. Талабына нұр жаусын оқушыма. Өзі өнерге сондай икемі жақсы болды. Музыкалық қабілеті де жақсы болды Қуаныштың. Әр оқушыға біз терең деңгейде өткіземіз сабақты. Оқушыларымыз бәрі жақсы. Қуаныш та сол өнерлі балалардың бірі. Өнері өрге жүзсін.


Қуаныш өнермен бірге спортты да жанына серік еткен. Бос уақытында достарымен волейбол ойнағанды жақсы көреді. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Әншілік Қуанышқа атасынан дарыған сияқты.


Ләззат Райымханова – Анасы


Отбасымызда енді ата-анасы өлең айтпаймыз. Бірақ, Қуаныштың атасының бауыры Төлебай деген атамыз бар. Сол кісі ән айтады. Сол кісіден дарыған болуы керек. Өзі кішкентайынан ән айтады. Одан кейін мектепте домбыра үйірмесіне барып бес жыл сол домбыраны үздікке бітірді. Қазіргі таңда өзі жаңағы интернеттен, ютубтан осындай күйлерді, заманауи күйлерді үйреніп, өз бетінше орындап жүр. Жігітке жеті өнер де аз дейді ғой. Ары қарай домбыраны орындайды. Өзінің қызығушылығы жақсы осы домбыраға деген, да қабілеті де жақсы. Ары қарай тастамайды. Оны өзіміз де отбасымызда айтамыз.


Талабы таудай Қуаныш болашақта ұлттық өнерді дәріптеп, үлкен сахналарда өнер көрсетуді арман етеді. Ал көнеден келе жатқан төл өнер Қуаныш сияқты жас таланттар барда жасай бермек.