Отбасы күніне орай қалалық мәдениет сарайында «Отбасы - алтын діңгек» атты мерекелік концерт өтті. Оған көрерменді әнімен тербеп қана қоймай, сүйіспеншілік, қамқорлық, отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген қаламыздың шығармашылық отбасылары қатысты. Отбасы-махаббат пен адамгершілік мектебі, біздің ең жақын құндылықтарымыздың қайнар көзі. Отбасында жақын адамға құрмет, жауапкершілік, адалдық сияқты өмірлік құндылықтар сіңіріледі. Туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілік отбасында қалыптасады. Мәдени бағдарламада орындалған әндер осы тақырыптарды қамтыды. 10 отбасылық топ өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Мерекелік концерт соңында өнерлі отбасыларға сертификаттар мен сый-сияпат табысталды.