Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеде Хамит Сыдықұлы атындағы кабинет ашылды. Семей музыкалық училищесінің беделін биіктетуге бір кісідей еңбек сіңірген тұлға туралы толығырақ тарқатайық.


Хамит Сыдықұлы 1935 жылы дүниеге келген. Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың физика - математика факультетінде оқыды. Десе де, бала Хамит музыканы жақсы көрді. Бірнеше музыка аспабында еркін ойнайтын. Алайда өмірдің өзге жолын таңдаса да, тағдыр шіркін өнер өлкесіне қайта әкелді. 1972-жылы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің директоры болды. Өнер ордасының өткен тарихы мен бүгінгі биігінде Хамит Сыдықұлының қолтаңбасы сайрап жатыр.


Сайлауғазы Ахметов – М.Төлебаев атындағы музыкалық училище директоры


Осы училищеміздің материалдық – техникалық базасына көңіл бөліп және де училищемізде көптеген жаңа мамандықтар ашты. Оның ішінде, әсіресе айта кететінім, халық аспаптары бөліміне көбірек көңіл бөліп, бұрын тек домбыра классы болса, домбыра-бас, домбыра-прима, шертер класстарын, қобыз, қылқобыз класстарын ашуға ерекше күшін салды. Қазіргі Құрманғазы атындағы консерваториядан мамандардың барлығын елімізге тартып, барлық мамандарға ерекше көңіл бөліп, оларды жұмыспен, үймен қамтамасыз етіп қызмет істеген ағамыз.


Хамит Сыдықұлы жайында жылы да жүрекжарды лебіз көп айтуға болады. Ол кісі тасада, тысқары ауылда жүрген таланттардың сахнаға шығуына күш салды. Қазақтың халық музыкалық аспаптарын дамытуға көңіл бөлді. Жауапты министрлікке хат жаза жүріп ауыл жастары оқитын екі жылдық дайындық курсын ашқанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Кабинеттің ашылуына жиналған Хамит Сыдықұлының туыстары, шәкірттері мен достары естеліктермен бөлісті. Жақсы адам жайында жан тебірентер жылы сөздер айтылды.


Ғабиден Мұсаинұлы - Хамит Сыдықұлының досы


Хамиттың адалдығы, қол астындағы мұғалімдерін көтермелеп, Үкіметтің наградасы келе қалса, сол мұғалімдерге береді, өзінде ешқандай награда жоқ. Содан мен ойлаймын, бүгінгі мына класс - бұл соның үлкен бір наградасы. Хамитке берілген үлкен награда.


Музыкалық училищені басқарған 6 жылдан аса уақыт ішінде оқу орны тарихында ұмытылмас әрі жарқын кезең болды. Ол музыкалық училищені еліміздегі жетекші оқу орындарының біріне айналдырды. Өнер мектебі Хамит Сыдықұлының жетекшілігімен Қазақстан Мәдениет министрлігінің бірқатар марапаттарын иемденді. Атаулы кабинеттің ашылуы колледж тарихына алтын әріптермен жазылатыны аян.