Қазақстан – гендерлік саясатты берік ұстанатын бірден-бір мемлекет. Еліміздегі барлық салада әйел адамдардың үлес салмағы аз емес. Ел экономикасының негізгі өзегі – бизнестің басы-қасында жүрген нәзік жандыларымыз қаншама?! Солардың бір тобы күні кеше ғана «Re.Women» облыстық әйелдер қауымдастығын құрды. Мақсат – кәсіпкер әйелдердің мүмкіншілігі мен қоғамдағы саяси белсенділігін арттыру.

 

«Re.Women» – бұл «Respublica» партиясы жанынан құрылған, еліміздің іскер және белсенді әйелдерін біріктіретін жаңа форматтағы қауымдастық. Күні бүгінге дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде құрылып, өзінің жұмысына кірісіп кетті. Енді міне кезек Абай облысына да келіп жетті. Қауымдастықтың алғашқы жиынында бас қосқан ханымдар болашақ жоспарларымен бөлісті.


Алмас Айтмұқаш, «Respublica» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы


Әйелдер қауымдастығы – осы кәсіпкерлік саласындағы жобалар мен алдағы мәселелерді шешуге бағытталатын болады. Бүгінгі таңдағы маңызды іс-шара тек бір ғана отырыспен ғана емес, алдағы уақытта да кезең-кезеңімен осы отырыстар өткізілетін болады.


Ләйла Ахметқанова – жарнама бизнесінде 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер. Бүгінгі басқосуға қатысу арқылы өзінің іс тәжірибесімен бөлісіп, бизнесвумендерге қаржылық сауаттылық, салық салалары бойынша көмектескісі келеді. Оның ойынша, осы қауымдастық арқылы белсенді топ қоғамдық кеңес, түрлі деңгейлердегі депутаттарға кәсіпкерлікке қатысты өзекті мәселелерді жеткізуге болады.


Ләйлә Ахметқанова, Кәсіпкер


Біз әйелдердің деңгейін көтеруді көздейміз. Бұл кәсіпкер арулар бизнесті дамыту бойынша түрлі сұрақтар мәжіліске дейін көтеріп, ұсыныс жасай алады. Бүгінгі басқосу жаңа таныстық, ортаның кеңеюі, әріптестік орнап, алдағы уақытта тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді


Жаңадан құрылған қауымдастыққа әр аудан, қалалардан әзірге 22 нәзік жанды қабылданды. Кеңестің дауыс беруі арқылы алғашқы төрайымы сайланып, алдағы жұмыс барысы айқындалды. Партия мүшелері қауымдастықтың қатары алдағы уақытта да арта беретініне сенімді.