Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмайды. Белгіленген заң талаптарын басшылыққа ала отырып, әр топтағы мүгедектігіне сәйкес азаматтар өзіне қажетті қолдауды алып отыр. Олар үшін абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламалары жүзеге асырылып, санаторлық-курорттық емделу жүйелі түрде жұмыс жасайды. Еңбекке жарамдылары жұмыспен де қамтылып жатыр.
Абай облысы бойынша бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың саны – 24 076. Жыл басынан абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық көмекші құралдарға және арнайы жүріп-тұру құралдарға мұқтаж 7 955 мүгедектігі бар адамның 5 287-і қамтылды. Бұл 66 жарым пайызды құрайды. Аталған көрсеткішті жыл соңына дейін 90% жеткізу көзделген. Ал, бір ғана Семей қаласы бойынша мұқтаж адамдардың 65,8% жеке абилитация және оңалту бағдарламасы арқылы керек-жарағымен қамтылды.
Айман Нұрлыбек Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы
Мүгедектігі бар адамдарға өздерінің оңалту бағдарламаларына сәйкеспротездік-ортопедиялық көмек көрсетіледі. Сурдотифлотехникалық құралдармен, креслолармен, кресло-арбалармен, санаторлық –курорттық емдеулермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар гигиеналық құралдар, жеке көмекшілер, ымдау тілі мамандарымен қамтамасыз етіліп отырады. Бұл әрбір мүгедектігі бар адамның өзіне арналған оңалту бағдарламасына сәйкес іске асырылады.
Мүгедектігі бар адамдар немесе олардың заңды өкілдері басқарма басшысы атап өткен көмектерді алуға тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет», аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы тіптен ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы өтініш бере алады. Семей мен Аягөз қалаларында жүріп-тұруы қиын адамдарға арналған 19 «Инватакси» көлігі қызмет көрсетеді. Биыл олардың қатарына Курчатов қаласы мен Жарма , Жаңасемей, Мақаншы аудандары қосылады.
Айман Нұрлыбек- Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы
Биылғы жылы Семей қаласында қазіргі таңда мәслихаттың отырысында автокөліктердің санын 3-ке дейін ұлғайтуға өтініш беріп отырмыз. Өйткені, бұл сұранысқа ие қызметтерді бірі. Ал қала және аудан орталықтарында аумақтық қызмет көрсету орталықтары бар. Аталған қызмет алушыларға инватакси тегін түрде орталыққа барып-келу немесе мәдени шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Автокөліктер өткен жылдан бастап жаңартылып жатыр. Биылғы жылы тағы 4 ауданға инватакси автокөлігін облыстық бюджет есебінен алып беру қарастырылып отыр
Биыл облыс бойынша 272 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту бойынша өтініш білдірді. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 168 адам қамтылып, 131 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналастырылды. 2 азамат онлайн оқытудан өтті. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыған 35 жерлесіміздің 21-і сертификат алды. 204 адамға 320,8 млн.тенгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар беру жоспарланған. Жыл басынан бері санаторлық-курорттық емделуге 2 071 адам өтініш білдіріп, 411 адам жолдамамен қамтамасыз етілді.