Биыл халықаралық антиядролық «Невада- Семей» қозғалысының құрылғанына 35 жыл. 1989 жылы 28 ақпанда Алматыдағы жазушылар одағы үйінің алдында полигонды жабуға, ядролық жарылыстарды тоқтатуға бағытталған қозғалыс пайда болды. Қазақстандағы тұңғыш үкіметтік емес ұйымға белгілі қазақстандық ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен болатын.

Биыл «Невада- Семей» қозғалысының құрылғанына 35 жыл. Осы ретте облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында антиядролық қозғалыс мүшелерімен кездесу өтті. Қозғалыс мүшелері сол кездегі бастан кешкен оқиғаларын баяндап, қайғы мен қасіретке алып келген сынақты еске алды.

СҰЛТАН КАРТОЕВ «НЕВАДА-СЕМЕЙ» АНТИЯДРОЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
Мұнда "Невада - Семей" ядролық қаруға қарсы қозғалысының ардагерлері университет өкілдерімен, Семей қаласының студенттерімен кездесуге жиналды. Біз өз тарихымызбен бөліскіміз келеді, жас ұрпақ соны білсе дейміз. Себебі, біздің жасымыз келді. Бұл эстафетаны жастарға тапсыратын уақыт келді. Сол кездегі жеңісіміз тарихта қалған оқиға. Ол бүкіл әлем үшін тарихта қалды. Бұл Қазақстанның көпұлтты халқының бірлігінің арқасында мүмкін болды.

Жас ұрпаққа осы оқиғаның маңыздылығын жеткізу және олардың бойында ұлтжандылық сезімді оятудың маңызы зор. Себебі, Семей полигонындағы жарылыс әсерінен Семей облысының 200 мыңнан астам тұрғыны 100-ден 200-ге дейінгі рентген шамасында радиация алды. Аса күшті зарядты жарылыстар кезінде радиация мөлшері 300 рентгенге дейін жетті. Соның салдарынан 1949-1963 жылдар аралығында 2 миллионнан астам адам айықпас дертке ұшырады, көбісі бақилық болды. Кездесу барысында сол жылдардағы оқиғалар туралы деректі фильмдер мен презентация көрермендер назарына ұсынылды.

ТУМАРИС АМАНГОСОВА - СТУДЕНТ
Біз бүгін Невада Семей қозғалысының басшыларымен кездестік. Олардан біз сол кезеңдерге байланысты өте көп мағлұмат алдық. Сол кезеңдерде біздің елімізге, Қазақстанға қиын болғанын түсіндік. Осы атом ядролық полигон сынағы бізге, болашақ ұрпаққа өте кері әсерін тигізді. Осы жерлерде, біздің аймағымызда адамдар түрлі ауытқулармен туылды. Адамдарда түрлі онкологиялық, қан тамырлары аурулары және түрлі психологиялық аурулар туындады.

Арада 42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана 1991 жылдың 28 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлық шықты. 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны толығымен жабылып, 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылды. Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлық – еліміздің ең басты жетістігі.


ЖҰЛДЫЗАЙ МАРАТҚЫЗЫ