Абай облысында биылғы суға түсу маусымы мазасыз өтті деуге болады. Құтқарушылардың қырағылығына қарамастан, оқыс оқиғалар орын алды. Жазда суға батып қаза тапқан 12 жағдай тіркелді. Оның 4-і кәмелетке толмаған балалар. Барлық қайғылы оқиғалар суға түсуге тыйым салынған аймақтарда орын алған.
Облыс бойынша 26 суға түсуге арналған орын бар. Маусым басында 5 жағажай ғана дайын болса, оның 2 жекенің еншісінде. Шомылатын жерлердің түбі тазартылған. Жағалауда патрульдеу әлі де жалғасуда. Оқыс оқиғалар суға түсуге тыйым салынған жерлерде орын алуда. Жаз басталғалы ТЖД, полиция қызметкерлері 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырды. 249 ескерту белгісі орнатылды. Әлеуметтік желілер арқылы ескертулер жүргізілді.
ӘСЕТ ЖОЛДЫБЕКОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД ТЖ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Суға түсу маусымы басталғалы облыс аумағында 12 адам суға батып, қайтыс болды. Оның ішінде төртеуі ересектердің қарауынсыз қалған кәмелетке толмаған балалар. Облыстағы су айдындарында барлығы 59 адам құтқарылды. Оның 21-і бала. Қайғылы оқиғалардың барлығы жабдықталмаған, суға түсуге тыйым салынған жерлерде және құтқару кеудешелерін пайдаланбай орын алды».
ТІЛШІ: Биыл айдынды Алакөлге де ерекше назар аударылды. Мұнда күн сайын құтқару қайықтары, гидроциклдер мен өрт техникасы кезекшілікте тұрды. Құтқару шараларын күшейту үшін Қабанбай ауылының тұрғындары тартылды. Олар арнайы оқытудан өтті. Биыл Алакөлде 45 адам құтқарылған, оның 13-і балалар.
ӘСЕТ ЖОЛДЫБЕКОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД ТЖ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Биыл Алакөлдің жағалауында жеке құрамды күшейту шаралары қолға алынды. Әр күн сайын 20 адамнан тұратын ТЖД қызметкерлері кезекшілікте болады. Сондай-ақ, 10 бірлік арнайы және қосымша техника жұмылдырылған».
Құтқарушылардың айтуынша, барлық судағы қайғылы оқиғалар қарапайым ережелердің ескерілмеуінен орын алады. Суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, құтқару кеудешелерін қолданбау және балаларды қараусыз қалдырудың соңы қайғылы өкінішпен аяқталып жатады. Әлбетте, сақтансаң сақтайды.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ