Семей қаласында этномедиация тақырыбына арналған облыстық семинар-тренинг өткізілді. Іс-шараға Абай облысының түрлі аудандарынан келген медиация саласының мамандары, мемлекеттік қызметшілер және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Семинар - тренинг барысында этносаралық қатынастарды реттеудегі медиацияның рөлі, этникалық топтар арасындағы сенімді нығайту тәсілдері, дауларды бітімгерлік арқылы шешу жолдары қарастырылды. Қатысушылар нақты жағдайларды талқылап, тәжірибелік жаттығулар орындап, кәсіби медиатордан кеңес алды.
ҚУАНЫШ МОЛДАҚАШЕВ - АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭТНОМЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Жалпы, этномедиация бұл өңірімізде ғана емес елімізде қазіргі таңда алға қойылып дамып жатқан институттардың бірі деп айтуға болады, себебі еліміз көп этносты мемлекет болғандықтан этностар арасындағы татулық, тұрақтылық, өз ара түсіністік өте маңызды. Осы орайда этномедиация үлкен рөл атқарады. Жалпы елімізде соңғы жылдары медиация ұғымы да мемлекеттік деңгейде көтеріліп, алға қойылып түрлі оқытулар өткізіліп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар аймақтағы этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді және тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
БАУЫРЖАН ОРАЗКЕНОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Қазіргі таңда этномедиация келісім мен татулық құралы болғандықтан аталған семинарға қатысушылар үшін бұл үлкен сабақ. Үйретері мен үйренері көп деп ойлаймын. Бұл аталған семинарға барлық Абай облысына қарасты өңірлерден сол салаға жауап беретін аудан әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің басшылары, сол салаға жауапты мамандар, достық үйінің директоры және ауданның этномедиаторлары қатысуда.
Семинарға облыстың әр аймағынан келген 30-дан астам маман қатысты. Олардың қатарында аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, «Достық үйлерінің» директорлары, әдіскерлері, сондай-ақ өңірлік этномедиаторлар болды.
РАУШАН ЖҮНІСОВА – КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ӘДІСКЕРІ
Осы облыстық этномедиация саласы бойынша тренингке келіп отырмын. Келу себептегі мақсатым өзімнің шығармашылық даму деңгейімді көтеру. Және этномедиация болғандықтан ұлт аралық достықты қалыптастыру деп ойлаймын. Бұл біз үшін көп ұлтты Қазақстан мемлекеті үшін өте қажет деп ойлаймын. Бүгін келіп осы жерден үлкен өзіме қажетті тақырыптарды шешу жөнінде көзқарасымды жақсы жағынан қалыптастырамын деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға өз атымнан және барлық қатысушылардың атынан рахмет айтамын.
Семинарға қатысушылар жаңа ақпараттарға қанығып, білімдерін толықтырды.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА