Семей қаласындағы арық жүйесі 60 шақырым болады. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы тілшіміз айтып береді.

Семей қаласында арық жүйесінің ұзындығы 60 шақырым. Олар Мирный, Красный кордон және Дальняя аудандарында орналасқан. Өткен жылы ТҮКШ бөлімі мердігер ұйыммен 70 млн теңгеге су бұру арналарын күтіп ұстау бойынша келісім шартқа отырған. Мердігер Дальняя, Березовский, Мирный, Затон, Контрольный аудандарында су құбырлын тазарту, шөп шабу және арық жүйесін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, қаламыздағы Омск 2,3,4 көшелерінде және Мирный кентінде ұзындығы 1070 метрлік арық жүйесі орнатылған. Мирный Жақтағы 1100 м жағалау асбоцементпен нығайтылған.

Әділет Тұрысбек - Семей қаласы әкімінің орынбасары

Айтып өту керек осы уақытқа дейін су бұру арналарын түгендеу ешқашан жүргізілмеген. Биыл біз бұл жұмыстарды қолға алмақпыз. Яғни, арықтардың орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін геодезиялық топографиялық түсірілім жүргіземіз. Осының арқасында біз жасыл желектерді суару үшін жер асты суларын пайдалана аламыз. Сондай-ақ, бұл түгендеу жұмыстары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суды Ертіске бұруға болатын орындарды анықтауға мүмкіндік береді.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, қаңтар айында «Максима» ЖШС-мен 2 айға қосымша келісім шарт жасалған. Ұйым 2 ай ішінде күн сайын аталған аумақтарды бақылауда ұстауға тиіс болған. Алайда 31 қаңтар күні қаламыздағы Аккульская 2 15а және Кожкомбинат 28 мекенжайларында арық жүйесінен су жайылып, аталған көшелерді су басқан. Семей қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, бұл оқиғаға байланысты қала әкімінің тапсырмасы бойынша шұғыл түрде тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысына сай өз міндеттемелерін өрескел бұзғаны үшін «Максима» ЖШС -мен келісім шартты бұзу туралы шешім қабылданды. Мердігер ұйым қысқы кезеңде өзіне жүктелген міндетті атқара алмауынан аулаларға су жайылды.