Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде суретші Георгий Макаровтың «Парақтар» атты көрмесі ашылды. Суретші 50-ден астам халықаралық, республикалық және өңірлік көрмелерге қатысып, 15 жеке көрмесін ұйымдастырған. Бұл жолы Абай еліне алғаш рет өнерін таныстырып, ерекше акрил және пастель техникасында орындалған жұмыстарын ұсынады.

Георгий Макаров – көрнекті қазақстандық суретші, 1969 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол 1988 жылы Қарағанды педагогикалық училищесін тәмамдап, сол жылдан бастап Алматыда еңбек жолын жалғастырған. 1995 жылы көркемсурет пен композициядан сабақ жүргізе отырып, жас ұрпаққа шығармашылық білім беруге үлес қосқан. Қазіргі таңда «Престиж» мектебінде «АРВЕСТ» галереясының «NEW» студиясын басқарады. Георгий Макаров Семейге келіп, Невзоровтар музейінде өзінің көрмесін таныстырғанын «тағдырдың сыйы» дейді.

Георгий Макаров – Суретші

Мен мұны тағдырдың сыйы деп атаймын. Себебі мен үшін бұл мұражай өте жоғары деңгей. Яғни, бұл жерде көрме ұйымдастыру үшін белгілі бір талаптарға сәйкес болу керексің. Көптеген қазақстандық суретшілер осы мұражайда көрме қойғанын түсініп, олардың да деңгейіне де сәйкес келу керек екенін түсіндім. Мен үшін бұл шақырту өте қызықты болды, сонымен қатар қатты толқыдым.

Көрме «Парақтар» деп аталады. Бұлай деп аталу себебі – суретші өзінің шығармашылық өмірінің парақтарын ақтара отырып, өзіне есеп береді. Мұнда шебердің шығармашылық кезеңдері түрлі тақырыптар мен идеялар арқылы көрсетілген. «Малтатас ойыны», «Тыныш өмір», «Балаганчик», «Аңыздар» — бұл көрмеде көрсетілген жұмыстардың бірнеше сериялары ғана. Әр серияның, әр шығарманың өз ойы мен идеясы бар. Адам мен заттар әлемі, адамның осы өмірдегі рөлі формалар мен рәміздер тізбегі арқылы түсінеді.

Георгий Макаров – Суретші

Мен метафизикалық символизм деп аталатын стильде жұмыс істеймін. Яғни, мен үшін суретте заттың өзі емес, оның жай-күйін көрсету өте маңызды. Тарихты заттар арқылы жеткізу, сюжетті, заттардың өмірін көрсеткім келеді . Сондықтан мен өзімді классикалық натюрморттың дәстүрлі суретшісі деп айта алмаймын. Себебі мен үшін оның сыртқы құрылымы маңызды емес, керісінше, заттар арасындағы байланыс маңызды.

Сонымен қатар Георгий Макаров өзінің суреттерінде тарихтан, аңыздар мен ертегілерден сурет арқылы сыр шерткенді жақсы көреді. Оның еңбектерінің арасынан көрермен Батыс Еуропа мен қиыр Шығыс, Орталық Азия елдерінің мифологияларынан құралған «микс» көре алады. Суретші жұмыстарының арасынан нақты бір елдің ертегісін, болмаса тарихынан көрініс таба алмайсыз. Суретшінің идеясы бойынша, картинаны көрген адам өзіне қай елдің мәдениеті жақын, соны көреді. Қылқалам шебері қара қағазға сурет салып, көпті таңқалдырады.

Георгий Макаров – Суретші

Қара түс кейбір басқа түстерге өте жақсы әсер береді. Маған түн ұнайды. Шын мәнінде, бұл жұмыстардың барлығы әртүрлі сериялардың атауына ие болса да, олардың барлығы түс көру санатына жатады. Ал түсті біз түнде көреміз. Сондықтан негізгі түс – терең түнгі аспанның түсі, бәріміз ұйқыға кеткен сәттегі заттардың өмірі.

Георгий Макаров жас суретшілерге шеберлік сабақтарын да өткізді. Бейнелеу өнерінде өзіндік стилі ерекше суретшінің «Парақтар» көрмесіне қойылған туындыларын қаңтар айына дейін тамашалауға болады.