Жарма ауданының тұрғындары да баспаналы болды. Қалбатау ауылының 10 отбасы барлық жағдай жасалған жаңа үйлерге қоныстанды. Әрқайсында су жылытқыштар мен арнайы пештер орнатылған.
Жарма ауданы, Қалбатау ауылының тұрғындары қоныс тойын тойлауда. 10 отбасына жаңа үйлердің кілттеріі табысталды. Бұл олар үшін көптен күткен оқиға болды, өйткені көптеген азаматтар тұрғын үйге 10 тіпті 15 жыл кезекте тұрған. Сондықтан да кілттерді табыстау сәті олар үшін үлкен мереке болды. Іс-шараға Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Сәтпеков қатысты.
Осы қуанышты оқиғаның құрметіне жергілікті тұрғындар үшін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ол «Таза Қазақстан» акциясымен жалғасты. Жаңа баспаналардың иелері өз аумағында ондаған ағаш көшеттерін отырғызып еліміздің экологиясын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Сәкен Сәтпеков - Жарма ауданы әкімінің м.а.
Биылғы жылы Жарма ауданында 45 үй салынады. Оның ішінде Қалбатау ауылында 20 үй, Жанғызтөбе кентінде 15 үй, Жаңаөзен ауылында 2 үй, Бірлік ауылда – 3 үй. Ол салынып, биылғы жыл бітіреміз деп ойлаймыз. Ақша бөлінді, қазір құрылыстары бітіріп отыр. Бұйырса, осы жылдын аяғына дейін бәрі үйлерді бітіріп, 4 топтағы кісілерге үйлерді береміз деп ойлаймыз.
Үйлер көп балалы отбасылар тұратындығын ескере отырып салынған. Әр үй үш бөлмелі. Жалпы ауданы - 85 шаршы метр. Сонымен қатар, әр отбасында 10 гектар жер мен көмір сақтайтын орын бар. Үйлердің ішінде жуынатын бөлме, су жылытқыштар және ұзақ уақыт жылуды ұстайтын қазандықтар орнатылған. Тұрғындар мұндай сыйлыққа өте қуанышты болды. Солардың бірі - бес баланың анасы Эльмира Байченова.
Эльмира Байченова – көпбалалы ана
Мен 2014 жылы очередька тұрғам осы Қалбатауға. Содан міне 10 жылда үй алып жатырмын, өте қуаныштымын. Әр баланың өз комнатасы бар екен, угляркамыз да бар екен, қора да салып беріп отыр. Далаға да шықпаймыз, балаларға өте жылы. Жағдай жасап отыр. Ванныйға да түседі балаларымыз. Өте ризамыз.
Салынған жаңа үйлер көп балалы аналарға, асыраушысынан айырылған балаларға, мүгедектігі бар, апаттық тұрғын үйде тұратын азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Айта кету керек, бұл тұрғын үйлер азаматтарға төмен бағамен жалға беріледі. Қазір облыс депутаттары азаматтардың үйлерді одан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыруда.