Ақсуат даласын дүбірге бөлеген «Асыл бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Фестиваль төңірегінде өткен дүбірлі жыр дода белгілі мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің рухына арналды. Аламан айтысқа әр жылдарда «Алтын домбыра» мен «Асыл домбыра» иегері атанған жеңімпаз айтыскерлер қатысты.

Жыр додадағы биылғы ерекшелік кілең мықты айтыскерлердің бір сахнада бас қосуы. Әр жылдары «Алтын домбыра» мен «Асыл домбыра» иегерлері атанған Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Қазірет Бердіхан, Аспанбек Шұғатаев, Мұрадым Мирланов пен Айбек Жеңісқазиндер айтыста бақ сынады. Ақындардың айтысы тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Айтысты тамашалаған көрермендер қатарынан Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев, ҚР білім беру саласының үздігі Қайыртай Ақылбеков, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Ринат Зайытов сынды елге еңбегі сіңген тұлғаларды байқауға болады.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Ақсуатта жылда өтетін бұл дәстүрлі фестиваль. Өте үлкен ауқымды қазір. Тек қана Қазақстан емес шет елдердің барлығына танымал фестиваль. Биылғысы өте өзім үшін ерекшілігі көп жаңалықтар болды.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі бірнеше күнге созылса да көрермен саны азаймады. Жыр доданы тамашалауға республиканың басқа да өңірлерінен арнайы келген қонақтардың да қарасы көп болды. Барлығы да айтыстың жоғары деңгейде өткенін жарыса айтты.

Айтыс былтырғыдан жақсы өтіп жатыр. Халықтың көңіл күйі бәрі жақсы. Жылдан жылға осылай тойға ұласып, той бола берсін дейміз. Жақсы.

Ақсуаттағы ағайынның да көңілі көк теңіздей шалқып қалып жатқаны бар. Айтыс тамаша деңгейде. Кілең мықтылар. Аузымен құс тістеген ақындар. Өздерінің жырларын алты алаштың алдында әйгілеп, бүгінгі біздің елдің мерейін асырып жатыр.

Жақсы деңгейде өтіп жатыр. Рахмет айтыскер ақындарға көңілімізді көтеріп тастады.

Финалда «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов пен «Асыл домбыра» республикалық айтысының алғашқы жеңімпазы Қазірет Бердіхан айтысты. Нәтижесінде айтыстың бас жүлдесі Алматы қаласынан келіп қатысқан Қазірет Бердіханға бұйырды. Жеңімпазға су жаңа автокөлік сыйға тартылды.

Айтысқа қатысқан әр қатысушы назардан тыс қалмады. Мәселен, алғашқы айналымнан сүрінгендерге «Асылтас» қоғамдық қоры екі миллион, ал жұп болып бақ сынаған жеңімпаздарға үш миллион теңгеден сыйақы берілді.

АҚБОТА БИЯХМЕТ