Маусымның үшінші жексенбісі әкелер күні. Мереке елімізде екінші жыл аталып өтіледі. Мерекелік күндердің тізбесіне «Әкелер күні» мерекесін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, әкелердің отбасындағы, қоғамдағы рөлін айшықтауға бағытталған. Мереке қарсаңында біздің шығармашылық топ есімі елге танымал этнодизайнер Сәкен Назарханұлымен сұхбаттасқан еді.

Әр бала үшін әкенің орны бөлек. Әке қыз баласының қорғаны болса, ұлының ең алғашқы ұстазы. Бала үшін әкенің махаббаты бөлек. Бүгінде балаларына өз қамқорлығын көрсетіп, оларды ыстық ілтипатына бөлеп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі елімізге танымал қолөнер шебері, этнодизайнер Сәкен Назарханұлы. Балаларына адамгершілікпен құндылықтарды үнемі сіңіріп отырады.

СӘКЕН НАЗАРХАНҰЛЫ – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Адаммен қала қарым-қатынаста болу керек, сыйластықта қалай болу керек, ұлттық құндылығымызды қалай бағалау керек, мәдениетімізді қалай бағалау керек сонын бәрі осы отбасыдан басталады. Дастархан басында отырып жаңағы өзіміздің ақылымызды айтып отырамыз. Қасында жүрген жолдастарымен қандай сыйлыстықта болу керек, жетістіктерді қалай бағалау керек өзінің, қалай білім алу керек, ұстаздармен қандай қарым-қатынаста болу керек сонын бәрін айтып отырамыз дастархан басында.

Сәкен Назарханұлының қолөнер саласында жүргеніне 40 жылға жуық уақыт толды. Туындылары Халықарлық, республикалық, облыстық, қалалық көрмелерде жиі кездеседі. Қолөнер шеберінің жеткен жетістіктері де аз емес. Төзімділіктің арқасында талмай еңбек етіп жүрген шебер балаларын да адал еңбек етуге тәрбиелейді.

СӘКЕН НАЗАРХАНҰЛЫ – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Кез келген мәселені шешуге болады, ең бастысы еңбекқорлық, Түсінусушілік отбасының берекесін ұстап тұрады. Жас кезде білім алу керек, білім мен адал еңбек өмірі сол өзіңді асырайды.

Сәкен Назарханұлының аяулы жары өнерде де әріптесі. Шұғыла Қабышева қыз жасауын жасап, құрақ құраумен айналысады. Құрақ көрпелері ерекше, аса жоғары талғаммен жасалған. Онда кестелеген ою да, түстердің үйлесімі де әдемі. Өнегелі отбасының биыл шаңырақ құрғанына 35 жылдан асады. Ерлі-зайыптылар берекеге толы шаңырақтарымен, бойларына дарыған шеберліктерімен көпке үлгі.

ШҰҒЫЛА ҚАБЫШЕВА – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Ол кісі өнерді беріліп істейді. Мен әрқашан ол кісінің сыншысымын, қателіктерін айтып отырамын, өзімше ақылымды қосып, білгенімше үлес қосамын. Бірақ айтады ғой әйелдің ақылын тыңда, керісінше істе деп. Ол кісінің көрген түйгені бар, соны жасап жатады. Отбасын құрған жастарға да кейінгі буынға айтарым алға бір мақсат қою керек, соған жетуге ұмтылу керек, ауызбірлікте болу керек.

Сәкен Назарханұлы темірден жасайтын 5 қару мен ұлттық аспаптарымыз ерекше көзге түседі. Әсіресе қара ағаштан жасалған нар қобызды атап өткен жөн.

СӘКЕН НАЗАРХАНҰЛЫ – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Ысқының өзі жаңағы аттың қылынан жалынынан алынады. Және де бұны ұзақ, әрқайсысы жеке-жеке қыл болғаннан кейін үзіліп кетпес үшін тірі малдан алады. Оның жалыны болсын, құйрығы болсын.

Шебер қолөнерден бөлек бос уақытанда кітап оқып, бақшаны күтіп-баптаумен айналысады. Өсімдіктердің бабын тез табады. Одан бөлек жастарға шеберлік сағаттарын өткізеді. Жастарға өнердің қыр-сырын үйретіп, қазақ қолөнерінің құндылығын дәріптейді. Шеберханасына тәлім алуға қызыға келетін жас дарындар жетерлік.

СӘКЕН НАЗАРХАНҰЛЫ – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Негізінде біздің мақсат қол еңбегімен істелетін жұмыстарды жоғалтып алмауымыз керек, жастарға нақты түсіндіруіміз керек. Жастар оны қолмен істеп сезіну керек. Сонда ғана жаңағы істеген бұйым тірі жанды болып көрінеді. Ұстағанда да адамның қолына сезіліп тұрады әр істелген заттың ерекшелігі.

Сәкен Назарханұлының 4 қызы 1 ұлы және немерелері бар. Тұңғыш немересі Елдана Серік. Жасы 13-те. Жүзеумен айналысқанды жаны сүйеді. Ата-анасымен бірге Астана қаласында тұрады. Жаз бастала сала сүйікті ата-әжесіне демалысқа асыға жетеді. Ол апасының қолқанаты.

ЕЛДАНА СЕРІК – НЕМЕРЕСІ
Мен атам мен апамның тұңғыш немересімін. Олар мені көбінесе Дакось деп айтады. Және де апам көбінесе жапырағым, дәрім деп айтады. Маған апам кішкентай кезімнен мақсат қоюды үйреткен. Мақсат қойып, оны соңына дейін жеткізу керек дейтін. Ал атам әркезде адалдыққа, кішкентайларға қамқор болуды үйретті.

«Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әке тәлімі терең болса, ұрпағы да бойына өнегені сіңіріп өседі.


АРУЖАН ТАУБЕКОВА