Осы жылдың 5 айында Абай облысы бойынша есірткіге қатысты 96 факті тіркеліп, құқық бұзушылық анықталған. Облыс бойынша наркологиялық диспансердің тіркеуінде кәмелетке толмаған 5 жасөспірім бар. Есепте тұрғандардың үшеуі Семей мектептерінің оқушылары, екі бала колледжде оқиды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.

Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда ең маңызды қауіптердің бірі бұл заңсыз өндіріс синтетикалық есірткі сату. Облыс аумағында синтетикалық препараттардың таралуы өзекті мәселе. Заманауи технологиялардың дамуына байланысты есірткі тасымалы интернет желісі арқылы жүзеге асырылады. 2023 жылы Үкіметтің қаулысымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру мақсатында облыстық полиция департаменті жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар белсенді атқарылуда. Биыл 200-ден астам іс-шара өткізілді.

ТІЛЕК ҚАМЗА – АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Биылғы жылдың 5 айында Абай облысы бойынша 96 есірткі фактісі тіркелді. Оның ішінде 46-сы есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстар және 50-і есірткі қылмысы. Заңсыз айналымнан біз 40 келіден астам есірткі заттарын тәркіледік. Ұзақ іздестіру жұмыстарының арқасында ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтаттық. Сонымен қатар, Абай облысының аумағына басқа өңірлерден синтетикалық есірткі жеткізудің 2 тұрақты арнасы жойылды. Облыста есірткі қылмыстарын жасағаны үшін барлығы 23 адам ұсталған. Оның 18-і синтетикалық есірткі сатқаны үшін.

Білім беру ұйымдары Абай облысының полиция басқармасымен бірлесіп, есірткінің алдын алуға өз үлесін қосып жатыр. «2024 жылғы маусым айында Абай облысында халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған есірткіге қарсы алдын алу іс-шаралардың бірлескен жоспары» жүргізілді. Жасөспірімдер арасында нашақорлық жағдайларын болдырмау мақсатында 1-2 курс студенттерінің қатысуымен «SENIMEN BOLASHAQ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Оған 6897 студент қатысты.

ӘСЕМ НҮСКЕНОВА - АБАЙ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Балаларға деген психологиялық қызмет көрсету мақсатында қазіргі таңда біраз жұмыстар бар. Ол балалар өздері сенім білдіретін телефондар мектептердегі барлық жерде орналасқан. Қандай бірыңғай телефонға хабарласа алатыны, модан кейін бала қорғау чаты бар. Бала өзінің құқығын қорғау мақсатында немес біреу бопсалап, ақша сұрап жатқан болса, буллинг көрсеткен жағдай болсын, наркоманияға балалар тәуелді болып, психологиялық көмек керек болған жағдайдың барлығында білім мекемелерінде сенім телефондары, сайттар бәрі көрсетілген.

Абай облысының білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың, құрамында никотин бар заттардың, құмар ойындардың алдын алу бойынша бекітілген жұмыс жоспарлары жүзеге асырылуда. 2024 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша наркологиялық диспансерде кәмелетке толмаған 5 бала есепте тұр. Оның үшеуі Семей қаласы мектептерінің оқушылары және екеуі колледж студенттері.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ