Абай атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ғимаратында «Тіл – достықтың тірегі» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өтті. Шара барысында мемлекеттік тілді және қазақтың өнерін де меңгерген қазақстандағы этностардың жас өкілдерін көтермелеу, қолдау көрсету және ынталандыру арқылы басқаларға үлгі ету жайы талқыланды.

Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге этно өкілдерінің айтарлықтай көбейгені рас. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері «Тіл-достықтың тірегі» атты еркін форматта өткізілген дөңгелек үстелге қатысты. Жиынның мақсаты - түрлі этникалық топтардың жастары мен өскелең ұрпағына қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген жас дарындарды қолдау.

ӘСЕМ НҮСКЕНОВА – АБАЙ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өздеріңіз байқағандай, бұл балалардың көбі өзге ұлттың балалары. Абай облысымыздың атынан шығып жүрген республикалық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпаздары, шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері. Сондай-ақ, өзге ұлт болса да, өзіміздің таза қазақ тілді мемлекеттік мектебімізде білім алып жүрген балалар болды. Санасы да, жүрегі де, ойы да қазақша ойлайтын балалары. Балалардың өздерінің қандай артықшылдықтары бар екенін, өздерін қалай жоғары деңгейде ұстап және де қастарындағы құрбы-құрдастарына тілді үйретуде, тілге деген сүйіспеншілікті дамытуда олардың орындары өте зор.

Қазақ тілін есейген кезде меңгеріп, қазіргі таңда мектеп қабырғасында ұстаздық етіп жүрген Виктория Мокроусованың ұлты – орыс. Виктория қазақша сөйлегенде талайды жаңылдырады. Отбасында жары мен балаларына қазақша сөйлетуге тырысамын дейді, ол.

ВИКТОРИЯ МОКРОУСОВА – ҚАЗАҚ ТІЛІ МҰҒАЛІМІ
Жалпы, енді біз Қазақстан мемлекетінің азаматымыз. Біздің мемлекеттік тіліміз ол қазақ тілі. Басқа мемлекттерде мысалы мемлекеттік тіл бар, оны азаматтар біледі, басқа тілде сөйлеу деген жоқ. Сондықтан біз өзіміз өзге ұлт болғанменен де, осылай басқаларға үлгі болсын деп, қазақ тілді насихаттау мақсатында үйрендім деп айта аламын. Жалпы, отбасым орыс тілінде сөйлейді. Дегенмен де, қазір өзім ақырындап ақырындап мысалы дастарханның басында немесе туыстар жиналған жиындарда қазақ тілін қосуға тырысамын.

Сонымен қатар, қазақ тілінде туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бірі - Александр Дуденко. Ол жастайынан қазақ ауылында өсіп, қазақша білім, тәрбие алған. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді меңгеруге ортаның тигізер пайдасы мол.

АЛЕКСАНДР ДУДЕНКО – МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ
Қазақ тілін бұрыннан бері білемін. Ауылда тұрдым, ата-аналарым мектепке қазақ тіліне берді. Бірақ та мектепте оқығанымның пайдасы ғана емес, сынып жетекшілерім, басқа да жетекшілерім айтқандай, ортамыз да сондай болу керек. Балалардың бәрі қазақша сөйлеп, толық жетілдіру керек. Сенбейтін шығарсыздар, бірақ менің бірде бір орыс досым жоқ. Барлығы қазақ достарым. Тек қана қазақша араласамын.

Әлі күнге мемлекеттік тілді меңгере алмай жүргендерге осындай кездесулер үлгі болары анық. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, еркін форматтағы дөңгелек үстелдер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ