Тамақтану орындарындағы санитарлық қауіпсіздік маңызды. Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында тамақтану орындарындағы санитарлық тазалық және алдын алу жұмыстары туралы сала мамандары баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Толығырақ алдағы сюжетте.

Абай облысының орталығы Семейде барлығы 860 қоғамдық тамақтану орны бар. Олардың 130-ы 50-ден аса адамға арналған нысан. Өткен жылы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жеке және заңды тұлғалардан 68-ден астам өтініш пен шағым келіп түсті. Осы мәселеге байланысты санитарлық ережелерді бұзу бойынша бірқатар жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде, Семей қаласындағы нан өнімдерін сататын дүңгіршектің біріне жоспардан тыс тексеру жүрігізіліп, санитарлық талаптар сақталмағандықтан әкімшілік айыппұл салынған.

ӘДІЛ ҚАЛДЫБАТЫР – СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Жоспардан тыс тексеріс барысында жалпы барлық санитарлық нормаға сәйкес, яғни ҚР 16-шы бұйрығына сәйкес, бұзушылықтар анықталып, 425-ші баптың 1-ші тармағы бойынша іс қозғалды. Іс қозғалып, айыппұл 230 АЕК салынды. Және де бұл нысан біздің рұқсат қағазынсыз, хабарламасыз жұмыс істегені бойынша 463-ші баптың 1-ші тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп, жіберілді.

2023 жылы Абай облысында тамақтанудан жаппай улану деректері тіркелмеген. Қазіргі кезде еліміз бойынша көшеде нан өнімдерін сататын дүңгіршектерде санитарлық рұқсат құжаттарының және қызметкерлердің медициналық кітапшасының болмауы сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жоспарсыз барып, тексеруге сала мамандарының заң жүзінде құқығы жоқ.

ӘЙГЕРІМ МҰСАТАЕВА –САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТАМАҚТАНУ НЫСАНДАРЫН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Дүңгіршектер, шағын аспаздық цехтар секілді нысандар Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, тек өтініштер бойынша тексеріледі. Күнделікті қандай да бір жоспарға сүйене отырып, шығып, тексеріс жасауға біздің құқығымыз жоқ және бұл заңмен қарастырылмаған. Сондықтан біз әлеуметтік алаңдарда, платформаларда алдын-алу шараларын жүргіземіз. Мүмкіндігінше парақшалар тарату арқылы рейдтер жасаймыз. Дегенмен, бұл шаралардың барлығы анықталғаннан кейін бақылауға алынады.

Қандай да бір антисанитарлық жағдайдарды байқап жатсаңыз, арызды «Е-Өтініш» бірыңғай базасы бойынша немесе басқарманың мекенжайына жолдауға болады.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ