Дүниежүзілік 5-і көшпенділер ойындары елімізде алғаш рет өткелі отыр. 100-ден аса мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы бас қоспақ. Олар ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен сайысқа түседі. Оның ішінде қазақ күресі, садақ ату, ат жарысы, саятшылық және дәстүрлі зияткерлік ойындар бар. Қазір осы шараға дайындық қызу. Тілшіміз көшпенділер ойындарына Абай облысынан қатысатын команданың дайындығын біліп келді.

Көшпенділер ойынының эстафетасы дала салтын ұлықтаған қазақ елінің қолында. 100 - ден аса ел спортшысының басын қосатын жарыс осы күзде Астанада өтеді. Ерсін Сейтқазинов дүбірлі додаға қазақ күресінен қатыспақ. Бұл сайыс балуанға екі есе жауапкершілік жүктеп отыр. Жылдамдық, күш пен айла сынға түсер сәтте қапы қалмауы маңызды. Мұндайда жеңіске жол ашатын әрине, үздіксіз дайындық.

ЕРСІН СЕЙТҚАЗИНОВ - БАЛУАН
Қазақ күресі біздің қанымызда бар деп айтсақ болады.Енді қазақ күресі қазір өзі мемлекетімізде жақсы дамып жатыр, үлкен қарқын алып.Бұйырса мына алда 5-ші көшпенділер ойыны болайын деп жатыр.Сол жарысқа тыңғылықты дайындық үстіндеміз.Бұйырса сол жарысқа қатысамыз деп үміттенеміз.

Аймақта тоғызқұмалақ бойынша да жүлдегер атанған жастар жетерлік. Әсіресе мектеп оқушылары арасында бұл сайыс трендке айналып келеді. Аяна Исахан 5 жасынан бастап ұлттық ойынға ден қойған. Былтыр әлем чемпионы атанған оқушы көшпенділер ойындарында еліміздің намысын қорғауға дайын.

АЯНА ИСАХАН - 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
Осы қаңтар мен ақпан айлары осы Әлем чемпионатына және де 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеу болып жатыр. Осы 1 апта бұрын ғана Павлодардан келген болатынбыз.Мен ол жерде үлкендер арасында әлем чемпионатына іріктеу өткен болатынмын. Дайындық өте мықты,бар күшімді саламын.Бүкіл еліміздің мықты ойыншылары жиналғандықтан қиын болады бірақ, тырысамын.

Биыл Абай облысында «Алаш мергендері» садақ ату клубы құрылып, аймақтық, республикалық, додаларда бақ сынап жүр. Үйірмеде 40-тан аса адам бар. Садақшылар мергендігін шыңдап жатыр.

ДУЛАТ ҚЫСАТАЙ –АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША БАС БАПКЕРІ
 Садақ түрлеріне формасына сай бөлінеді. Мен ұстап тұрған Түркі садағы деп аталады, түркі стиліндегі Тункай деп. Қазақи стильде садақ бар, ол қайқы келеді. Сосын моңғол стилінде, ағылшын стиліндегі секілді әр елге сай бөлінеді. Ағылшындардікі ұзын келеді. Бұл садақты таңдауда да әр адамға сай, денесіне, денебітіміне сай садақты таңдап алады.

Абай облысында қазақ күресі, тоғызқұмалақ ойыны және құсбегілік өнері жақсы дамыған. Спортшылар халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Алдағы көшпенділер сайысында да осы 3 спорт түрінің үздіктері жақсы нәтижеге жетеміз деген сенімде.


Рүстем Қайратұлы