Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен медициналық қызмет көрсету және оларды қаржыландыру айтарлықтай өсті. Енді томографиялық, қымбат кеңестік- диагностикалық тексерулер қол жетімді. МӘМС енгізу нәтижесінде ЭКҰ-ға квоталар саны да айтарлықтай ұлғайды. 2023 жылы Абай облысының әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 86 млрд теңге бөлінді, оның 37,8 млрд теңгесі МӘМС қаражаты. Бұл халықтың барлық топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 629 мың адам тұратын Абай облысында халықтың 88% медициналық сақтандырылған. Алайда, тұрғындардың 12% осы пакеттен тыс қалып отыр. Сақтандырылмаған адамдардың орташа жасы 40 жас.
ҒАЛЫМЖАН ӘБІЛОВ-АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
 «Егер сандармен айтатын болсақ, бұл шамамен 114 мың адам бізде әлі де медициналық сақтандыру пакетінен тыс қалады, бірақ олар үшін тегін медициналық көмектің көлеміне кепілдік беріледі. Бүгінгі таңда ең негізгі міндет - ол адамдардың өз статустарын анықтап, қолға ақша салуы. Өйткені бұл пакетте бізде қымбат операциялар, диагностика және бұрын қол жетімді болмаған барлық қызметтер бар.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында экстракорпоралды ұрықтандыруға арналған квоталар көлемі ұлғайды. Өткен жылы Абай облысының тұрғындары үшін жасанды ұрықтандыруға 400-ден астам квота бөлінді. Бұл қаражатты пайдалану тиімділігі 70% көрсетті. Сәби аңсап жүрген 300 әйел ана бақытына бөленді.

ҒАЛЫМЖАН ӘБІЛОВ-АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Өздеріңіз білетіндей, ЭКҰ-бұл қымбат қызмет және бүгінде қол жетімді болып отыр, кезек төмендейді және МӘМС пакеті шеңберінде осы қызметті алғысы келетіндер күннен күнге артып келеді. Менің ойымша, бұл біздің денсаулық сақтау жүйеміздегі үлкен қадам.

Сондай-ақ, бұл жүйе жүкті әйелдерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға 250 мыңнан астам тегін стоматологиялық қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Ол үшін 625 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алайда, стоматологтар тегін орнататын пломба ең қарапайым екенін ескерген жөн. Қымбатын салу үшін қалтадан төлеу керек.

ҒАЛЫМЖАН ӘБІЛОВ-АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Әрине, біз бұл медициналық көмекке сұраныс бар екенін түсінеміз. Бұл қызметтерді 100% жаба алмаймыз, бірақ мысалы, егер біз 23 -ші жылды алсақ, жыл басында стоматологиялық көмек бойынша 625 млн бөлінді және осы қажеттілікті көріп, біздің облысқа қосымша 300 млн көлемінде қаржыландыру бөлінді. Жыл соңына дейін стоматологиялық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 925 млн теңгені құрады.

Жасыратыны жоқ, кей емханалар заңсыз жолмен ақша табады. Өткен жылы Абай облысындағы медициналық мекемелер 735 рет жалған тексеру өткізгені туралы құжат жасаған. Ондай емханаларға 32 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Көрсетілмеген медициналық қызметтерді тіркеу арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша алып, қалтасын қампайтқысы келетін денсаулық сақтау мекемелері бақылаушы органдардың назарын аударып отыр.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА