Жалаңашкөл теміржол вокзалы пайдалануға берілді
берілді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзал, оның ішінде Абай облысында 10 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Жақында ғана Үшбиікте, Жарма мен Шарда вокзалдар ашылды. Кезек Жалаңашкөлге де жетті. Нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев қатысты. Теміржол бекеті 1958 жылы салынған. Ала жаздай туристер ағылатын станция тозып тұрған еді. Енді аумағы бұрынғыдан төрт есеге ұлғайды. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларды күтуге және қызмет көрсетуге арналған орындар заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нысанды еркін пайдалануына қажетті жағдайлар қарастырылды. Жалаңашкөл станциясы арқылы «Астана–Достық», «Алматы–Достық», «Ақтоғай–Достық» бағыттарындағы, сондай-ақ, жазғы маусымдық «Семей–Жалаңашкөл» туристік пойызы қатынайды. Ерекше атап өтерлігі, бұл – биыл Абай облысында қайта жаңартылып, пайдалануға беріліп отырған жетінші вокзал.