Сұхбатта Мемлекет басшысы Қазақстандағы салық саясаты, экономиканың былтырғы өсімі, Үкіметтің жұмысы, инфрақұрылым, туризм, көлік және логистика сынды басым бағыттарға қатысты сұрақтарға жауап берді. Жалпы, сұхбат билік пен бұқараның арасын бекітетін мүмкіндік. Өткенді саралап, болашақтың бағытын айқындайтын сәт деуге болады. Расында, өткен жылы еліміз үшін табысты болды. Экономика 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетті. Ал оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асты. «Бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Мұндай меже Қазақстан ғана емес, өңірдегі өзге елдерде де бұрын соңды болмаған», деді Мемлекет басшысы. Әр салаға қатысты айтылған ой мамандарға бағыт-бағдар берді.