"Jolaman" сауда-логистикалық орталығында қайнаған сауда. Өткен сенбіде мұнда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Семей қаласы мен Абай ауданының шаруалары өнімдерін саудалады. Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелгендердің бірі - Елдар Мұсаханов. Ол Абай ауданы Кеңгірбай би ауылынан келді. Қыстай малды баптап, сатуға дайындаған шаруа үшін етті базарға өткізгеннен жәрмеңкеде саудалаған тиімді. Алушы да көп. Жәрмеңкеде: 1 тонна ет, 300 литр сүт және сүт өнімдері, 100 литр қымыз, 300 келі көкөніс, 500 келі бройлер тауық еті, бал және балық өнімдері нарықтық бағадан 10 -15 пайызға төмен бағамен сатылды. Абай ауданындағы 7 ауылдық округ Қарауыл, Кеңгірбай би, Көкбай, Құндызды, Медеу, Тоқтамыс, Саржал ауылындағы шаруашылықтар қатысты. Табиғи өнім тұтынушыға тікелей делдалсыз. Жәрмеңке мақсаты да осы. Бағаны шарықтатпай тұрақтандыру арқылы нарықты бір деңгейде ұстап тұру. Сонымен қатар жергілікті өндірушілерге үлкен қолдау.

МАЛИКА МҰХТАРОВА