Жедел әрі кәсіби көмек көрсету. Бұл жедел жәрдем қызметіндегі фельдшерге тән қасиет. Көмекке зәру адамға алғашқы болып жететін шұғыл қызметтің орта медициналық буынындағы маманның жұмыс күнін әріптесім көріп қайтты.
Арайлым Әлиханова - Тілші
Фельдшер - өте жауапты да маңызды мамандық. Шұғыл жәрдем қажет кезде алғашқы көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалу үшін барын салады. Біз фельдшер мамандығының қыр-сырымен бөлісеміз.
Кез келген кәсіп сияқты жедел жәрдем қызметінің де өзіндік қиындықтары бар. Фельдшер - жедел медициналық жәрдем бригадасының құрамында жұмыс істей отырып, науқастар мен зардап шеккендерге шұғыл жәрдем көрсетеді. Оларға әртүрлі жағдайда далада, қолайсыз ауа райында, қараңғы жерде де жұмыс істеуге тура келеді. Олар науқастардан қоңырау түскен сәтте күн-түн демей адам өмірін құтқаруға әрқашан асығатын ақ халатты абзал жандар. Осы салада адал қызмет етіп жүргендердің бірі Зәуре Джакупова. Медицина саласы оның балалық арманы. Мектеп бітірген соң армандаған оқуына бірнеше жыл түсе алмаса да, мақсатынан таймады. Білім алды, қазірде өз саласының білікті, тәжірибелі маманы атанып отыр.
Зәуре Джакупова-Фельдшер
Өз мамандығыма келместен бұрын, бұған қызығушылық 7-ші сыныпта оқып жүргенде пайда болды. 2 жыл қатарынан осы Семей қаласына медицина училищесіне оқуға келдім. 1991 жылы мектеп бітірдім. 1991 жылы келдім, 1992 жылы келдім, оқуға түсе алмадым. Сонда да болмай жүріп 1993 жылы қайтадан үшінші рет келіп, медбике мамандығына оқуға түстім. Содан 1995 жылы бітіріп, 1-ші қалалық ауруханада медбике болып жұмыс атқарып бастадым. 1998-2000 жыл аралығында фармация саласында қызмет атқардым. Содан 2000 жылы өзімнің қалауыммен жедел-жәрдемге жұмысқа орналастым. Содан бері міне қызмет атқарып келе жатырмын.
Зәуре Джакупова 1995 жылы Семей медициналық училищесін медбике мамандығы бойынша тәмәмдған, қазірде 25 жылдық тәжірибесі бар маман. Оның 15 жылын жедел-жәрдемде балалар бригадасындағы қызметке арнады. Күннің атысы, кештің батысы адам өмір үшін арпалысып келеді.
Зәуре Джакупова-Фельдшер
Біз 8-ге 15 минут қалғанда жұмысқа келеміз. Тікелей функционалдық менің міндетім жұмысқа келген уақытымды диспетчерге барып белгіленемін одан кейін киімімді киіп, жедел-жәрдем көлігіндегі медициналық жабдықтарды тексеремін, Шақырту мынандай коммуникаторға түседі. Сосын екінші фельдшермен шақыртуға шығамыз.
Олар төтенше жағдайлар, жол көлік оқиғалары сынды оқыс оқиғалар кезінде науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, адам өмірін арашалап қалуда шешуші рөл атқарады. Зәуре Джакупова мұндай кезде үрей, қорқыныш сезімдеріне бой алдырмау керек дейді.
Зәуре Джакупова-Фельдшер
Енді қандай шақырту болмасын, неше түрлі жол оқиғаларына біз бірінші болып жетеміз ғой. Ондай кезде ешқандай қорқыныш болмау керек, өзіңді өзің сенімді ұстай білуің керек. Алғашқы көмекті көрсете білуің керек.
Бұл мәртебелі қызмет- жоғары кәсібилік мен төзімділікті, жанқиярлықты қажет етеді. Бұл мамандардың медицина саласындағы қызметі өлшеусіз.